Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Дәрігер менингит туралы: Антибиотиктер қабылдамаңыздар, екпе салдыруға асықпаңыздар, бірақ бетперде тағып жүріңіздер
Медицина ғылымдарының кандидаты, невропатолог дәрігер Қайырғали Көнеев менингококк инфекциясына қатысты мәлімет берді. Сондай-ақ, дәрігер қазақстандықтарға антиботикетр қабылдамауға, екпе салдыруға асықпауға, алайда бетперде тағып жүруге кеңес берді, деп хабарлайды Stan.kz.
Сурет: altamed.kz
Дәрігердің сөзінше, соңғы уақытта оған менингит туралы түрлі сауалдарды жолдайтындар қатары артқан. Қазіргі уақытта елімізде аталған аура белең алып тұрғанымен, дәрігер оның биологиялық қару еместігін айтуда.
«Менингококк сыртқы ортаға төзімсіз. Ол адам ағзасында ғана өмір сүре алады. Ал сыртқа ортада жылдам өліп қалады. Сондықтан ол ешқашан биологиялық қару ретінде қолданылған емес және қолданылмайды. Осы себепті елімізде тараған менингококк инфекциясын биологиялық қару деп ойлағандар қателеседі», – деп жазды дәрігер Facebook желісіндегі парақшасында.
«Қазіргі уақытта Алматыда тараған менингиттің ерекшелігі – көз жұмғандардың көбі ересектер. Ауру қасиетті Рамазан айында ағзаның әлсіреп, сусызданған уақытында дамыған. Қайтыс болған жастардың көбі ораза ұстаған екен.
Сонымен қатар менингит жұқтырғандыр ауру әбден асқынғанда, өмірін аман алып қалу мүмкіндігі өте төмен болғанда ауруханаға жеткізілген. Менингококк инфекциясын адам ауыра бастағанда алғашқы сағаттарда ғана жеңу мүмкін. Аталған инфекция туралы естіп, жұрт дүрлігіп отырғанымен, олар сақтық танытпайды. Балалардың көбі ауруы әбден асқынғанда ауруханаға түскен», – дейді Көнеев.
Сонымен қатар медицина ғылымдарының кандидаты барлығына бірдей антибиотик беру індетке қарсы дұрыс шара емес екенін айтты.
«Барлығына бірдей антибиотиктер беру, қазіргі уақытта екпе салдыру індетке қарсы қолданылатын дұрыс шара емес. Адамдарға бір ай бұрын екпе салынуы керек еді. Ол үшін бізде менингит тарайтынын алдын ала болжайтын ғылыми орталықтар болуы тиіс», – дейді Қайырғали Көнеев.
Сондай-ақ дәрігер инфекция туралы әрдайым есте ұстап, қызу көтерілуі, бөртпелердің пайда болуы (көп жағдайда аяқта, денеде, жағдай ауырлағанда бүкіл организм мен бетте), бас ауруы, жарыққа сезімталдық пен құсу тәрізді аурудың алғашқы белгілерін байқағанда бірден жедел жәрдем шақыру керек екенін айтты. Бұл ретте өз өміріңізді сақтап қалу үшін, ауру белгілері пайда болған алғашқы сағаттарда дәрігерлердің көмегіне жүгіну керектігін естен шығармаңыз.
«Инфекция жұқтырып алмас үшін, ауасы нашар желденетін, қапырық, адамдар көп топтасқан бөлмеде отырмауға тырысып, бетперде тағып жүріңіз. Біздің халық көп жағдайда бетпердені дұрыс тағуды білмейді. Бетперде мұрын мен ауызды жауып, теріге жабысып тұруы керек. Бастысы, бетпердені 2 сағат сайын емес, дымқылданған сайын ауыстырып тұру қажет. Дымқыл бетперденің пайдасы жоқ», – дейді дәрігер.
Сонымен қатар Қайырғали Көнеев менингококк инфекциясының өршуі 2 айдан ұзаққа созылмайтынын айтып, халықты сабырға шақырды.
«Маусым айының соңында менингококк инфекциясының тарауы толықтай тоқтайды деп ойлаймын», – дейді дәрігер Қайырғали Көнеев.

"Жеті жыл күттім": Алматылық жас жігіт 53 жастағы әйелдің жүрегін алғаннан кейін өмірі қалай өзгергенін айтты
