Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоңазытқыштағы нәрестенің өлімі: Экс-бас дәрігер бұл мамандықты таңдағанына өкінетінін айтты

Атырау қаласының перинаталдық орталығының тоңазытқышындағы нәрестенің өліміне қатысты сотталушы, бұрынғы бас дәрігер Қуаныш Нысанбаев сөз сөйледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

"Әкем дәрігер болғандықтан осы мамандықты таңдадым. Зиялы отбасында өсіп, әкемнің жолын қудым. Санкт-Петербургте оқып жүрген кезде акушер-гинеколог болуға шешім қабылдадым. Мен акушерия мен гинекологияда қажет болатын барлық операцияларды жасай аламын. Гиппократтың антын бұзған емеспін. Енді бізге осындай ауыр айып тағылып отыр. Мен енді дәрігер болғаныма өкінемін", - деді Нысанбаев.

Ол өзіне тағылған айыпты негізсіз деп санап, нақты деректер жоқ екенін жеткізді. 

"Мемлекеттік айыптау және бұқаралық ақпарат құралдары іздерді жасыру үшін мен баланы суға салғаным туралы айтып отыр. Бірақ іс жүзінде мен сол кеште достарыммен саунада болдым, жанымда болған адамға су жайлы айтқанмын, оның балаға қатысы жоқ. Олар әңгіме барысында біз Тұрымбетованың баласы туралы айттық дейді. Бірақ сөздері дәлелсіз", - дейді бұрынғы бас дәрігер.

Сотталушы әділ шешім шығарылады деп күтеді. Ол тағы да мүмкіндік берілсе, жұмысын жалғастырып, адамдарға көмектесетінін айтты. 

"Мен Елбасынан, Тоқаевтан, бас прокурордан әділ шешім қабылдауларын сұраймын. Мен әлі күнге дейін айыптау актісін оқып жатырмын және мені неге кінәлап отырғанын түсінбеймін. Мұны ешкім - Жамиля да, Асқар да, мен де жасамадым. Мен президентке, заң бұзған жоқпын, адал жұмыс істедім, егер тағы мүмкіндік берсе жұмыс істеймін дегім келеді", - деді Нысанбаев.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2019 жылдың 29 қыркүйегінде болды. Сол күні Атыраудың перинаталдық орталығында нәресте дүниеге келді. Нәресте туылған кезде өмір белгілері байқалмаған. Алайда, баланы тоңазытқышқа апарғанда оның аяғы қимылдай бастаған. Тергеу мәліметтері бойынша, дәрігерлер құжаттарда шатаспас үшін оны тоңазытқышта қалдыру туралы шешім қабылдаған. Прокуратура бес дәрігерді үш жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 07 Желтоқсан, 2020 09:11
Талқылау