Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дархан Есенғали еркін күрестен Азия чемпионы атанды

Қазақстандық Дархан Есенғали еркін күрестен Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақстандық Дархан Есенғали (74 келі) Азия чемпионатының финалында Кирин Киношитамен белдесті.

Дархан Есенғали белдесуді белсенді бастады. Нәтижесінде қарсыласына қатарынан екі әдіс қолданды. Еншісіне бірден алты ұпай түсті. Одан кейін тағы да қоржынға бір ұпай түсті.

Жапониялық балуан да жеңістің қолдан сусып бара жатқанын түсініп, екі ұпайға ие болды.

Осылайша ол қарсыласынан 7:2 есебімен басым түсіп, Азия чемпионы атағына ие болды.

Ол бұған дейін 1/8 финалда сингапурлық Хонг Луды, ширек финалда қырғызстандық Әділет Жапарқұловты жеңіп кетті. Ал жартылай финалда бахрейндік Магамедрасул Аслуевты ұпай санымен жеңді.

Айта кетсек, Дархан биыл ақпанда Алматыдағы еліміздің VI жазғы Спартакиадасында топ жарды. Бұл сында ол аталған салмақтағы көшбасшы Нұрқожа Қайпановты, финалда Нұрлан Бекжановты ұтқан еді.

Еске салсақ, ел құрамасынан еркін күресте Дархан Есенғалидан өзге Азамат Дәулетбеков (86 келі), Ризабек Айтмұхан (92 келі), Жүсіп Батырмұрзаев (125 келі) финалда күреседі.

Талқылау