Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Даңқты футболшы Лионель Месси жаңа келісімшартқа қол қойды

Фото:Dustin Satloff / Stringer / Getty Images Sport / Gettyimages.ru

Даңқты аргентиналық футболшы Лионель Месси АҚШ-тың "Интер Майами" клубымен келісімшартын 2028 жылға дейін ұзартқанын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Осылайша, ол MLS лигасында кем дегенде тағы үш маусым өнер көрсететеді.

Айта кетейік, Месси өзінің жиырма жылдан астам кәсіби мансабында ешқашан трансферлік ақы алмаған. Қазіргі футболда ойыншылар үшін жүздеген миллион еуро жұмсалып жатқанын ескерсек, бұл ерекше жағдай екені анық. Месси командасын тек еркін агент ретінде ғана ауыстырған.

Футболшының алғашқы әрі ең ұзақ кезеңі "Барселона" клубымен байланысты. Ол 13 жасында "Ньюэллз Олд Бойздан" ешқандай төлемсіз келген.

Сол уақыттан бастап Месси футбол тарихындағы ең үздік ойыншылардың біріне айналды: 778 матчта 672 гол соғып, 35 трофей жеңіп алды, оның ішінде 4 Чемпиондар лигасы мен 10 Ла Лига чемпиондығы бар.

2021 жылы "Барселона" қаржылық қиындықтарға байланысты Мессимен жаңа келісімшарт жасай алмады. Клуб ең талантты футболшысынан ешқандай өтемақы алмай айырылды.

Кейінгі екі жылда дәл осындай жағдай қайталанды. Месси "Пари Сен-Жерменнен" де ақысыз кетті және 2023 жылы "Интер Майами" клубына қосылды. Бұл келісімде Apple және Adidas-пен бірлескен табыс үлесі мен клубтағы үлестік иелік мүмкіндігі қамтылған.

"Интер Майамиге" келгеннен кейін клубтың барлық көрсеткіштері айтарлықтай өсті. Стадиондағы көрермен саны рекорд жаңартты. Сонымен қатар футболшылардың жейделері бірнеше минутта сатылып кетті. Ал Apple компаниясының MLS жазылушылары күрт артты.

Жаңа келісімшарт бойынша, Месси енді 41 жасқа дейін алаңда өнер көрсетеді. Алайда оның рөлі тек футболмен шектелмейді — ол MLS лигасын әлемдік деңгейге көтеруге бағытталған ұзақ мерзімді спорттық және коммерциялық жобалардың маңызды бөлігіне айналуда.

Айнұр Мұхади
Жұма, 24 Қазан, 2025 16:24
Талқылау