Данияр Елеусінов олимпиада чемпионы атанды
69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Данияр Елеусінов олимпиада ойындарының финалында жеңіске жетіп, чемпион атанды.
Данияр финалда өзбек боксшысы Шахрам Гиясовты жеңді. Қазақ боксшысы бірінші раундта қарсыласынан басым болды. Бұл үстемдікті ол екінші, үшінші кезеңдерде арттыра түсті.
Боксшымыз жартылай финалдық жекпе-жекте маңдайынан жарақат алып қалған еді. Алайда финалға дейін дәрігерлер оның жарақатын емдеп жазуға тырысқан екен. Финалдық бәсеке барысында Данияр жеңіл қимылдап, қарсыласының ұтымды шабуыл жасауына мүмкіндік бермеді.
Осылайша Данияр, “69 келі – қазақтың салмағы” деген игі дәстүрді жалғастырды. Еске сала кетсек, 2004 жылы Афины олимпиадасында Бақтияр Артаев, 2008 жылы Пекин олимпиадасында Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Лондон олимпиадасында Серік Сәпиев осы салмақта олимпиада алтынын еншілеген еді.
Бұған дейін 91 келі салмақта бокстасқан Василий Левит олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанған еді.