Данияның премьер-министрі Трампты Гренландияға қатысты қоқан-лоқыларын тоқтатуға шақырды
Коллаж Stan.kz
Данияның премьер-министрі Трампты Гренландияны басып алу жөніндегі қоқан-лоқыларын тоқтатуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Метте Фредериксен АҚШ президентінің Гренландияны басқару туралы мәлімдемелерін “мүлде қисынсыз” деп атады.
“АҚШ-тың Дания корольдігінің құрамына кіретін үш аумақтың ешқайсысын аннексиялауға құқығы жоқ”, – деді Метте Фредериксен.
Дания премьерінің бұл мәлімдемесі Трамптың көмекшілерінің бірі Стивен Миллердің жұбайы Кэти Миллер X желісінде Гренландияның АҚШ туының түстерімен бейнеленген картасын “ЖАҚЫНДА” деген жазбамен жариялағаннан кейін жасалды.
Дональд Трамп Гренландияның стратегиялық орналасуы мен минералдық байлықтарын алға тарта отырып, аралды АҚШ-қа қосу туралы мәселені бірнеше рет көтерген.
Дания үкіметінің сайтында жарияланған мәлімдемеде Метте Фредериксен өз сөздерінің тікелей АҚШ-қа бағытталғанын айтады.
Метте Фредериксен Данияның, тиісінше Гренландияның да НАТО мүшесі екенін және ұйымның қауіпсіздік кепілдіктері аясында қорғалатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол Дания АҚШ-пен қорғаныс саласындағы келісімге қол қойғанын, бұл келісім АҚШ-қа Гренландия аумағына қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
“Сондықтан мен АҚШ-ты тарихи тұрғыда жақын одақтасына, сондай-ақ өзінің “сатылмайтынын” ашық мәлімдеген өзге ел мен халыққа қатысты қоқан-лоққыларды тоқтатуға шақырамын”, – деді ол.
АҚШ президенті бұған дейін Гренландияны бақылауға алу үшін күш қолдану мүмкіндігін жоққа шығармайтынын мәлімдеген еді.
Венесуэланы біз басқарамыз – Трамп мәлімдеме жасады
Көріпкелдер 2026 жылы Трамп ауыр дертке шалдығып, Украинадағы соғыс аяқталады деп болжады
Трамп Гренландияны АҚШ-қа қосу оның стратегиялық орналасуы мен жоғары технологиялық салалар үшін аса маңызды пайдалы қазбалар қорының молдығына байланысты АҚШ-тың қауіпсіздік мүдделеріне сай келеді деп мәлімдеген.
Жуырда Трамп әкімшілігінің Гренландияға арнайы өкіл тағайындау туралы шешімі Данияда наразылық тудырды.
Халқы шамамен 57 мың адамды құрайтын Гренландия 1979 жылдан бері өзін-өзі басқару құқығына ие. Алайда аралдың қорғаныс және сыртқы саясат мәселелері әлі де Данияның бақылауында.
Гренландиялықтардың басым бөлігі Даниядан тәуелсіз болуды қолдағанымен, қоғамдық сауалнамалар АҚШ құрамына қосылуға қарсы көзқарастың басым екенін көрсетеді.
Еске салсақ, 2026 жылдың 3 қаңтарында АҚШ Венесуэла астанасына шабуыл жасап, ел президенті Николас Мадуро мен оның жұбайын ұстаған еді. Кейінірек АҚШ президенті Колумбия президенті Густаво Петроны кокаин өндірді деп айыптап, Мадуроға жасалған шабуылға ұқсас Колумбияға қарсы да әскери операция жүргізілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Колумбия президенті Трамптың қоқан-лоқыларына қатысты пікір білдіріп, қажет болған жағдайда қару алуға дайын екенін мәлімдеп, халықтан қолдау сұрады.
"Әлемде мейірім барына сендіретін жандар": 2025 жылғы жан жылытар әрекеттер мен халықты тәнті еткен қазақстандықтар