Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Данияда енді Құран өртегендер екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады

Дания парламенті діни мәтіндерге, кітаптарға құрметсіздік көрсетуге тыйым салды. Заң Құранға қатысты пайда болды. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа заңды елемегендер не айыппұл төлейді, не екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Заң Дания парламентінде қызу пікірталас туғызды. Заң шығарушылардың 94-і заңды қолдаса, 77-сі қарсы шықты.

Жаңа заңды жақтаушылар мұсылман елдерінің елшіліктерінің алдында Құран өртеген бірнеше саяси оқиға туралы айтты. Айтуларынша, бұл Данияның мұсылман әлемімен қарым-қатынасын қиындатып, елде лаңкестік әрекеттердің орын алу қаупін арттырған.

Данияның сыртқы істер министрі Ларс Локке Расмуссен үкімет басқа елдерге, мәдениеттер мен діндерге қорлау орын алатын ерекше жағдайларда араласу керек екенін айтты. 

Дегенмен діни кітапты өртеу тоқтаған жоқ және Дания полициясының мәліметінше, биыл 21 шілде мен 24 қазан аралығында Данияда 483 кітап немесе туды өртеу оқиғасы тіркелген.

Даниялық заң шығарушылардың басты мәселесі – мұсылмандарды тыныштандыру. Алайда қарсы тарап сөз бостандығына қол сұғылмауы керек екенін айтты.

"Дания қоғамы сияқты заманауи және дамыған қоғамда сөз бостандығына ешқандай шектеулер қойылмауы керек", – деді “Дания демократтары” оңшылдар партиясының мүшесі Стойберг.

Талқылау