"Келін болу нағыз құлдық қой” деп таңғалады: Блогер TikTok арқылы қалай табыс тауып отырғанын айтты
Тиктокер келін атанған Дания Арман – әлеуметтік желіде өз өмірін түсіріп, танымалдылыққа ие болған блогерлердің бірі. Бүгінгі таңда оның TikTok желісінде 400 мыңға жуық, Instagram-да 70 мыңдай оқырманы бар көрінеді. Негізгі мақсатым қазақ келіндеріне қолдау көрсетіп, шабыт сыйлау деп айтқан ол Stan.kz қалай танымал болғанын және желінің көмегімен қалай табыс тауып отырғанын әңгімелеп берді.
— Өзіңіз, отбасыңыз жайлы айтып беріңізші. Блогер болу қашан ойыңызға келді?
— Мен Ақтөбе қаласының тумасымын. Тұрмыс құрғаныма үш жыл болды. Астана қаласында күйеуім, қайын сіңлім және ата-енеммен бірге тұрамыз. Ата-енем жеке бизнеспен айналысады. Күйеуім оператор болып жұмыс істейді. Өзім Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегімін, мамандығым бойынша музыкалық драма театры әртісімін. Қазіргі таңда мәдениеттану саласында білім алып жатырмын.
TikTok желісін пайдаланғаныма бір жылға жуықтады. Басында бұл желінің осындай пайдасы боларын жайлы ойлаған жоқпын. Желіні декреттік демалыста отырған кезімде бос уақытымда пайдалана бастағанмын. Одан бұрын Instagram желісінде блогер болғым келді. Ал бұл желіде танымал болу үшін қаражат керек. Өз басым 600-700 мың теңгедей жұмсадым. Жарнамаларға, түрлі гивтерге ақша аямадым. Алайда бұл ісімнен ештеңе шықпады. Мүмкін желідегі контентім дұрыс болмаған шығар. Бұдан соң күйеуге шықтым, өмірге бала әкеліп, үйде отырып қалдым. Маған барлығы “неге TikTok-қа видео түсірмейсің, түсіріп көрсеңші” деп айтып қоймады. Осылайша жолдасым “үйде отырсың ғой, видео түсіре бер” деп сапалы смартфон мен арнайы шам алып берді. Басында қандай видео түсіретінімді білмедім. Кейіннен күнделікті өмірімді видеоға түсіріп, жариялаймын деп бел будым.
— Әлеуметтік желіде қалай танымал болдыңыз?
— Алғашында бірден көп қаралым жинай алмадым. Instagram-да қолдан оқырман жинап ала аласың, алайда TikTok желісінде ондай жоқ. Бастапқыда бес мың қаралымға жеткенде таңғалып, қуанатын едім. Алдыма мақсат қойып, соңына дейін жетуге тырысатынмын. Күніне үш видео түсіремін деп жоспарладым. Содан кейін оларды таңертең, түсте, кеште салатын болып шештім. Қанша адам қарап жатқанына мән бермеймін де, қарамайтынмын да. Өзіме “1 жыл осылай істеймін, егер бір жылда ешқандай нәтиже шықпаса, ары қарай айналыспаймын” деп серт бердім. Бір айдан кейін бір видеом “рекке” (TikTok желісіндегі қызықты видеолар бөлімі – ред.) шығып, 890 мың қаралым жинады. Сол видео арқылы маған 3000 жазылушы тіркелді. Бұдан соң күніне 4-5 видеодан түсіретін болдым. Осылайша оқырмандарымның саны да көбейе түсті. Жазылушыларымның саны 30 мың адамнан асқаннан кейін өзіме деген сенімім артып, өзімді жұлдыз сезініп қалдым (күліп).
Қазақтарда келіндердің атқаратын міндеті зор ғой. Ананы, мынаны істеу керек, бәріне бірдей үлгеруі керек. Солардың арасында шаршаған келіндер көп. Мен оларға “сендермен біргемін, шаршасақ бірге шаршаймыз” деп мотивация бергім келеді. Өзімнің де үйім үлкен. Оның бәрін жинап боламын дегенше шаршаймын. Үлкен отбасыға түскі, кешкі ас дайындау керек. Осының бәрі арқылы өзімнің әрбір қазақ келінімен бірге екендігімді, барлық қызметті бірдей атқара алатынымызды көрсеткім келеді. Контентімді келіндік өмірден басқа, аптасына бір рет “өзіңе қарау” деген айдарым бар. Ол жерде мен СПА-салонға немесе сұлулық салонына барып, өзіңе де көңіл бөлу керектігін көрсетемін. Әр жұма күнімді тек балаларға арнаймын. Оларды ойын-сауық орталықтарына апарып қыдыртамын. Қалған күндері үй шаруасы және өзімнің жұмысыммен айналысамын.
— TikTok өміріңізді қалай өзгертті?
Бір таңғалғаным, Instagram желісінде 30 мың оқырманыңыз болса, сізді ешкім танымайды. Ал TikTok желісінде жазылушыларымның саны 30 мыңнан асқаннан кейін мені адамдар кәдімгідей көшеде танитын болды. Одан кейін 300 мыңнан асқан кезде, қай жерде жүрсем де жоқ дегенде 10-15 адам қасыма келетін. Түсінгенім, TikTok-та қаралым саны көп. Мысалы, 6 миллион қаралым жинаған видеом бар. Бірақ жоқ дегенде бір рет салынған видео 100 мыңнан аса қаралым жинайды. Сол себепті адамдардың есінде тез қаламын деп ойлаймын.
— TikTok арқылы қанша табыс табасыз?
— TikTok арқылы көп табыс табамын деп айта алмаймын. Айына шамамен жарнама арқылы 200 мың теңге табамын. Бұдан бөлек эфир арқылы табыс табуға болады. Егер TikTok-та жазылушыларыңның саны бір мыңнан асатын болса, саған эфирді қолдануға мүмкіндік туады. Сол эфир арқылы екі тиктокер батлға (сайысқа – ред.) түсіп, жанкүйерлерінен сыйлық жинайды. Сол арқылы саған ақша түседі. Ақша бірінші TikTok желісінің өзіне түседі, қосымшада әмиян болады. Сол арқылы ақшаны шығарып алуға болады. Мен көп эфирде отырамын деп айта алмаймын, өйткені менде оған уақыт жоқ. Бірақ соның өзінде әмияныма 10 айдың ішінде 20 мың теңге жиналды. Ол әрине аз. Менің құрбым бар, белгілі бір істейтін ісі жоқ болған соң күніне 7-8 сағат желіде баттл ойнайды. Бір айда 400-500 мың теңгеден табады.
— Сіздің ойыңызша келін қандай болуы керек?
— Әр отбасы мүшесінің өзіндік рөлі бар. Келін демек, келін болып қалады. Келін ешқашан ата-анеге қыз бола алмайды. Енем маған ешқашан туған анамдай бола алмайды. Бірақ мен енемді сыйлаймын, оған қызмет етемін. Өйткені ол кісі маған сүйікті жарымды сыйлады. Сүйікті жарым маған қызымды сыйлады. Келін ретінде контент түсіріп жүргеннен кейін кейбір қыздар маған “Енем күйеуіміз екеуміздің ісімізге араласады, арамызға түседі” деп жазады. Айтайын дегенім, бұл жерде келін мен ене өзіне берілген рөлді дұрыс орындауы керек. Яғни, ене келініне үйретіп, көмектесіп, ақылын беріп отыруы абзал. Ал келіні оны тыңдауы керек. Бірақ екеуінің арасында жеке шекара деген болуы керек. Мысалы, күйеуі мен әйелі ұрысып жатса, ене олардың қасынан құлағын жауып өтіп кетуі керек. Баласын жақтап, келінін “сен сондайсың” деп жекіп сөйлеуге болмайды. Жақсы отбасы болғыларыңыз келсе, әркім өзіне берілген рөлді дұрыс сомдауы қажет деп ойлаймын.
— Шетелдіктер біздің келіндерге қарап, “осыншама өмірге үйренісіп, қабылдау үшін адамды қандай деңгейде жақсы көру керек” деп таңғалысып жатады. Қалай ойлайсыз, біздің қыздар “келіндік міндетін” күйеуін жақсы көргендіктен тыңғылықты орындай ма әлде бұл менталитетімізге қалыптасып, сіңіп қалған дүние ме?
— Осындай сөздер расымен айтылып жатады. Мен контентімді қазақ және орыс тілдерінде жүргіземін. Сол себепті мені 50 пайыз ресейліктер қарайды. Олар маған “келін болу нағыз құлдық қой” деп жазып, таңғалысып жатады. “Сен күні бойы атаң мен енеңе қызмет етесің бе? Кімге күйеуге шықтың: ата-енеңе ме, жоқ күйеуіңе ме?” деген сияқты сұрақтар көп қояды. Ең біріншіден, күйеуге шыққан қыз менталитетімізге сәйкес алдында не күтіп тұрғанын біледі деп ойлаймын. Қазір қыздардың бәрі ақылды, заманға сай. Күйеуге шықпас бұрын бәрін зерттеп алады. Егер ата-анесімен бірге тұратын болса автоматты түрде олар “таңғы жетіде тұру керек, ата-анесіне шай-тамағын беріп, үй жинауы қажет” екенін біледі. Өйткені бұл біздің менталитетімізде қалыптасқан. Алайда қыздар ең алдымен күйеуін жақсы көргендіктен осы жағдайға көндігіп, бейімделеді. Күйеуге шықпас бұрын психологиялық түрде өзін дайындайды. Әр адамда таңдау болады ғой. Егер ұнамаса, басында ашығын айтуы керек.
— Енеңіз және күйеуіңізбен қарым-қатынасыңыз жақсы екені көрініп тұр. Қарым-қатынасты қалай сақтау керек? Қандай ақыл-кеңес бересіз?
— Бәрі маған осы сұрақты қояды. Бірден айтайын ол енеге де, келінге де байланысты. Менің енем – кәсіпкер. Оның көп уақыты жоқ, жақсы көретін, сүйетін ісі бар. Оның үстіне заманауи, өзін күтіп қалған, әрқашан даму үстінде жүретін адам. Ал енелер немесе келіндер күнімен-түнімен істерге іс таппай, тек ұялы телефондарын шұқылап қана отыратын болса, өмірге деген құлшыныстары болмаса, үйінде бір-бірінің миын жемей, не істейді? Ене де, келін де бос отырмай, өздерінің сүйген істерімен айналысса, өздеріне қараса қарым-қатынас жақсы болады. Өйткені адамның миы тұрмыс-тіршіліктен басқа нәрсемен толып тұрады. Сол себепті менің ойымша енемен дұрыс қарым-қатынаста болу үшін әрқашан даму керек. Сенің “енем маған бұлай айтты” деп мұңайып отыруға уақытың болмауы тиіс. Әйелдер еркектерге қарағанда эмоционалды келеді. Олар өздерінің ішіндегі сыртқа шығарғысы келіп тұрады. Сол үшін өзіңе ұнайтын іспен айналысқан дұрыс.
Ал күйеуім туралы айтатын болсам, оның бірінші кезекте маған мінезі ұнады. Мен 17-18 жаста емес, 22 жасымда алды-артымды қарап, ойланып барып тұрмыс құрдым. Екі-үш жылдан кейін сенің мінезің осындай екен, қояйық деп ажырасып кетпес үшін “шынымен мен осы адамның бүкіл кемшіліктерімен қабылдай аламын ба” деп алдын ала ойландым. Тұрмыс құру ол ойыншық емес. Тағы бір мәселе бар, қазіргі таңда жастар әлеуметтік желіде өздерін басқа адам қылып көрсеткісі келеді. Меніңше, арақатынасқа ол да әсер етеді. Құрбыларым да “жігіттер әлеуметтік желіде танысқанда басқа, өмірде көргенде мүлде басқа” деп айтып жатады. Бұл жерде өз-өзіңді алдаудың қажеті жоқ. Мысалы, қыз бен жігіт енді ғана қарым-қатынас бастап келе жатқан тұста бір-бірін алдамай, өздерін қалай бар солай көрсетуілері керек.
— Қазақ қоғамында көбінде ер адамдар әйелден жоғары тұруы керек деген ой қалыптасқан. Алайда қазіргі таңда феминистік көзқарастар көрініс табуда. Қазақстанда ер мен әйелдің құқығы тең болуы мүмкін бе?
— Бұрынғы кездері шынымен де ер адамдар әйелдерден бір саты жоғары тұратын. Өйткені жауапкершіліктің бәрі ер адамдарда болды. Қарапайым орындықтың өзін жасау ер адамдардың ғана қолынан келді. ХХІ ғасырда неге феминистік көзқарас қалыптасты? Себебі қазір бәрі дайын тұр. Қазір қыздардың көбі “маған ер адамның не керегі бар, қажет болса, өзім ақша тауып, пәтер аламын, бәрін сатып ала саламын” деп ойлайды. Меніңше, әйелдердің дәрежесі еркектермен тепе-тең болмады. Өз басым күйеуімді бір саты жоғары қоямын. Өйткені ол – отағасы. Сондай-ақ қазір қыздарда “мен одан көп ақша табамын, неге ол бір саты жоғары тұруы керек? Немесе мен де ол секілді көлік айдай аламын, одан қай жерім кем?” деген көзқарас қалыптасқан. Отбасында ондай мәселе болмауы керек деп ойлаймын. Біз барынша ер азаматымызды көтеріп, өзімізден жоғары ұстауымыз керек. Ер адам содан күш пен мотивация алады. Бұнымен қоса қыздар ер адамның “көлігі, үйі, басқа да дүниесі болуы керек” деп айтып жатады. Меніңше, бұл жауапкершіліктің бәрін ер адамға үйіп-төгудің қажеті жоқ. Қазір жиырма бірінші ғасыр, бәрін екі жас бірге істеп, бірге дамып, бірге өсуге болады.
— Қазіргі таңда көптеген жастар отбасын құрған соң ажырасып кетеді. Ажырасуға не әсер етеді деп ойлайсыз?
— Ең біріншіден, әр отбасыға сабыр керек. “Сабыр түбі – сары алтын” деп бекер айтпаған ғой. Әрине, бәрінде қиын, түсініспеушілік туындайтын кездер болады. Ер адам мен күйеуі бір-бірінен жалығып, бір-бірін көргісі келмей кетеді. Алғашында бәрі тәтті болады, кейін бәрі өзгеретіні белгілі. Бірақ бес минуттық ұрыс үшін, отбасың ойрандалмауы керек. Егер саған ажырасу туралы ой келсе, сен сол кезде қызбалықпен ажырасқың келді деген сөз. Кішкене уақыт беру керек, 5-6 күннен кейін сенің ойың мүлде басқа болуы мүмкін. Ажырасуға 5 минут уақыт жеткілікті, ал отбасын құруға бүкіл ғұмырың кетеді. Тіпті, басқа күйеуге шықсаң да, ол сенің балаңа туған әкесі сияқты қарамайды. Оны мойындау керек. Әйел адам өзі нәзік жаратылыс, ер адам қисық кетіп бара жатса, біз оны түзетіп жіберуіміз қажет. Әрине “осылай істейік, арамыз ажырамасын, дұрыс шешім қабылдайық” деген сөздерді айтып, тек қана сабырмен бәрін шешкен дұрыс. Кейбір кездері ақша жоқ болады. Бұл кезде де “ештеңе қылмайды, басымыз аман болса болды, макарон жесек те жарайды” деп айту арқылы оларға қолдау білдіру керек. Көп жастар неге ажырасады? Себебі олар шыдамсыз болып кеткен. Сәл бірдеңе болса қолын сілтеп, басқасын тауып ала саламын деп ойлайды. Егер шыдамдылық, түсіністік, еңбек болса бәріне жетуге болады. Еркектер бәрін ішінде сақтайды. Ажырасайық деп жатса да еркектердің көбі “жоқ, бірге болайық” деп айта алмайды. Бұл жерде әйелдің рөлі зор.
— Тұрмысқа шыққаныңызға өкінген сәттер болды ма? Қыздарға тұрмысқа шық деп кеңес берер ме едіңіз?
— Осы уақытқа дейін өкінген сәттер болмады. Бірақ тұрмысқа шықпас бұрын әр адам осы өмірге келудегі миссиясын білуі керек екенін айтқым келеді. Әр адамның өмірлік жолы бар, әйтеуір бір нәрсеге икемі келмейтін адам жоқ. Бірақ 25-26 жасқа келгендер өздерін ешнәрсе істей алмаймыз деп ойлайды. Негізінде олар осы өмірдегі орнын таппаған. Сондықтан да әрбір қызға күйеуге шықпас бұрын өмірдегі өз орныңды тап дер едім. Мысалы, 21 жаста адам университет бітіреді. Осы кезде адам өзінің алдағы уақытта немен айналысатынын анық біліп алған жөн. Себебі көп қыздар ерте жастан тұрмысқа шығып алады. Кейін өмірге сәбиін алып келеді. Одан соң бала бір-екі жасқа келгенде балабақшаға барады. Осы кезде әйелдер не істерін білмей жүреді. Күйеуінің миың жеп, арада ұрыс-керіс болады. Сол себепті қыз бала әрқашан дамуы керек. Заман ағымына сай ілесіп отыру керек.
Сондай-ақ қыздар мінезім жаман, өзім осындаймын деген сөздерді айтып жатады. Бұлай айтылмауы тиіс. Бұның бәрі сіздің басыңыздағы дүние. Мүмкін, кішкентай кезіңізде психологиялық зақым алған шығарсыз. Сондықтан тұрмысқа шықпай тұрып ішіңіздегі ашу-ыза, реніштердің барлығын сыртқа шығарып жіберіңіз дегім келеді. Өзіңізбен өзіңіз бақытты бола білуіңіз керек. Яғни, күйеуге шықпас бұрын бірінші кезекте өз орныңды тауып, жан-дүниеңді тазартып алған жөн. Тағы бір айта кететін жайт, ақшасыз да бақытты болуды үйренуіміз керек. Сіз өзіңіздің балаңызды ақшасыз бақытты ете білуіңіз қажет.