Дәнді дақылдар жетпеуі мүмкін: Депутаттар еліміздің төрт аймағында төтенше жағдай енгізуді сұрады
Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында шаруалар толассыз жауынның кесірінен астықты жинай алмай отыр. Егістікті су басқандықтан техника жұмыс істей алмайды екен. Оның үстіне жаздағы қуаңшылық кесірінен астықтың бір бөлігі жойылған. Сондықтан депутаттар аталған аймақтарда төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Биыл астық аз болғандықтан келесі жылға тұқым дайындау үшін дәнді дақылдар жетпеуі мүмкін екен.
"Айқын дүниені жасырудың керегі жоқ. Облыс әкімдері ауа райын өзгерте алмайды, жауынның болмауына да әсер ете алмайды. Сондықтан қуаңшылықты әкім жұмысының нәтижесі ретінде көрсетудің керегі жоқ. Ал бизнеске және халыққа көмектеспеу, шығынды жасыру – атқарушы биліктің тікелей жауапкершілігі. Құрғақшылықтан зардап шеккен аймақтарда төтенше жағдай енгізуді ұсынамыз", – деді мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров.
Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында жауын 20 тәуліктен бері тоқтар емес. Сондықтан комбайндар егістік алқабына шыға алмай отыр екен. Оның үстіне ылғал көп болғандықтан астық сапасынан айырылып, бағасы да түскен. Ал кей аймақтарда құрғақшылық кесірінен астық көлемі 10 есе аз болуы мүмкін.
Мәжіліс шаруалар үшін несие демалысын жариялап, мемлекет тарапынан көмек көрсетуді ұсынып отыр.
"Біз "Қазгидромет" сайтын қарадық, ақпарат уақытылы берілмейді екен. Егер берілген күннің өзінде дұрыс емес. Бұған тек "Қазгидромет" кінәлі деп айтпаймын, бірақ болжамдар дәл болғанда, жағдай басқаша болар ма еді", – дейді депутат Асхат Рақымжанов.