Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дәлелсіз қамап тастады": Шахтинск тұрғындары жақындары жазықсыз түрмеге түскенін айтып шағымданды

Жақындарымыз жазықсыз қамалды деген Шахтинск тұрғындары Қарағанды облысы прокурорына көмек сұрап келді. Бірақ жиналғандарды жеке қабылдауына шақырған облыс прокуроры Марат Сексембаев аты шулы істен хабарсыз болып шықты. Бұған дейін іске қатысты арызды Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі қабылдап алған. "Мені соққыға жықты" деген Талғат Балмағамбетовтің шағымынан кейін тергеу жүргізіліп, алты адам қамауға алыныпты. Күдіктілердің жақындары құзырлы органның бұл әрекеттерін түсіне алар емес. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

2019 жылдың 13 қыркүйегі Шахтинск қаласының Долинка кентінде ер адамдар арасында төбелес болған. Осы кикілжіңнен кейін топтың ішінде болған Талғат Балмағанбетов "жарақат алдым" деп құзырлы органдарға арыз жазған екен. Нақтысы, ол жиналғандардың жақындары "мені өлтірмек болды" деп айыптаған. Бірақ облыстық прокуратура алдына жиналған күдіктілердің туыстары шағыммен келіспейді.

"Менің баламды өткен бейсенбіде таңертеңгі сағат 10-да шақырып алды да жауып тастады. Үш сағат деді басында одан кейін үш күнге санкция берді деді. Екінші күні түстен кейін екі айға сот санкция берді деп тағы хабарласты. Заңсыз менің баламды екі айға жауып тастайды. Ата-ана ретінде барсақ ешкім бізге нақты жауап бермейді, не үшін отырғанын", - деді Шахтинск қаласының тұрғыны Жұпар Жұмабеков.

"Мен Балмағанбетовтың арызы бойынша келдім. Ол біздің жақындарымызға дәлелсіз жала жауып отыр. Күйеулерімізді құзырлы органдар куәгер ретінде шақырып, жауып тастап отыр. Полицейлер мен прокурорлар бізге не үшін қамауға алынғандарын да айтпайды", - деді Шахтинск қаласының тұрғыны Регина Хавансова.



Әділдік іздеген жұрт кешеден бері прокуратураның босағасын күзетіп жүр. Тіпті, күтуден бір адам есінен танып, жедел жәрдем шақыртыпты.

Облыс прокуроры Марат Сексембаев істен хабардар емес екен. Ол қылмыстық іс түскеннен кейін жауап беретінін айтты.

"Бұл жерде нақты жауап жоқ. Өйткені істі біз әлі күнге дейін көрген жоқпыз. Зерттеген жоқпыз. Бұл істі алғызамыз да, одан кейін жауап жазбаша түрде береміз", - деді Қарағанды облысының прокуроры Марат Сексембаев.

Арыз тастаған Талғат Балмағанбетов те, оның қорғаушысы да қандай да бір жауап беруден бас тартты.

Талқылау