Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәлелдеу үшін өлуім керек пе? Президенттің баспасөз хатшысының ата-анасы да коронавирус жұқтырғаны анықталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының баспасөз хатшысы Берік Уәлидің ата-анасы да коронавирус жұқтырғаны анық болды. 

Берік Уәли президент телерадиокешенінің басшылығына тағайындалды

Бұған дейін Берік Уәли өзінің коронавирус жұқтырғанын көпке мәлімдеген еді. Осыдан соң індетке сенбестік танытып жүрген жұрт етек-жеңіп жинап, сақтық шараларына көшті. Берік Уәлидің халін сұрап, ауруханаға барып қайтқан досы Нартай Сауданбекұлы желіде жазба жариялады.

Берік достың халін сұрадық. Біршама жақсарып қалыпты. Мен білетін Бекебай анау-пынау ауыруға құлай қоймаушы еді, сонысына қарағанда бұл covid деген пәлең оңай емес болып тұрған сыңайлы. Әйтпесе Бекең шыныққан шымыр жігіт. Ылғи доп қуалап, қысы-жазы аттан түспейтін сері спортик. Ширек ғасырдан бері білеміз ғой енді.

Хош. Амандық саулық сұрасып, көңіл ниет білдіріскеннен кейін қарлыққан даусымен маған достық назын айтты. Сондағысы мынау. Өз сөзіммен өре берейін. Осы қазақ неге біртүрлі дейді. Ауырып қалғанымнан астар іздеп, сырқаттан саясат жасайтын жағдайға қалай жеттік деп налығандай болды. Енді ауыруды дәлелдеу үшін өлуім керек пе деп күледі. Күлкісінің өзі жыларман боп шыққандай әсерде болғанын жасырмаймын. Мені қойшы деп әрі қарай сабақтады Бекең, ана үлкен кісілер үшін қатты уайымдап отырмын дейді.

Иә, ата-анасынан да дерт табылып олар да оқшауланған екен, соның уайымы басым екенін сөзінен ұқтық. Беке, Алла шифасын берсін. Ата-анаңмен амандықта қауышып, құшақтаса жүруді нәсіп етсін. Ал... Бүкіл әлемді дүрліктірмегенде бұ қазақ әй сенбеген күйі кете беретіндей екен. Ойлан қазақ! Отпен ойнап жүріп опық жеп қалсаң кремльден кеп жаназаңды шығарар жан таппай қап жүрмегейсің. Ел-жұрт аман болсыншы. Әумин!", - деп жазды ол.

Бұған дейін Берік Уәлидің аты жаман ауруды жұқтырғанын мәлімдеген едік.


 

Талқылау