Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сұранысқа ие тауар сатады, алдын ала төлем сұрайды: Заңгер интернеттегі алаяқтарды анықтаудың жолын айтты

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 2022 жылы 20 мыңнан аса интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Қаскөйлердің арбауына түскен азаматтардың кейбірі мүлкін сатса, енді бірі несие алып, қаржысын алаяқтарға берген. Полиция мен құзырлы органдар алаяқтармен күресу үшін түрлі тәсілдерді қолданса да елде интернет-алаяқтық дерегі азаймай тұр. Stan.kz тілшісі заңгермен тілдесіп, алаяқтардан қорғанудың жолдарын іздеп көрді. 

алаяқ

ІІМ киберқылмыспен күрес орталығы басшысының орынбасары Рүстем Дүйсетаевтың сөзінше, 2022 жылы интернеттегі алаяқтардан келген шығын көлемі 15 миллиард теңгеден асып кеткен. Дегенмен алаяқтардың нақты қанша теңгені қолды еткенін анықтау мүмкін болмай отыр екен. Себебі бірі 10 мың теңгесінен қағылса, енді бірі миллиондаған ақшасынан айырылады. 

Мәселен, 2022 жылдың мамырында алаяқтар Астана тұрғынының есепшотынан 137 миллион теңге шешіп алыпты. Тексеріс кезінде алаяқтар тобының құрамында қазақстандықтармен бірге шетелдіктердің де әрекет еткені анықталған. Сонымен қатар 8 миллион теңге, ұялы телефондар, СИМ-карта мен банк карталары тәркіленген. 

Ең жиі таралған әдістер

Рүстем Дүйсетаевтың айтуынша, Қазақстанда әлі күнге дейін онлайн сауда алаяқтықтың кең тараған әдісі болып отыр. 

"2022 жылдың басынан бері 6 мың дерек тіркелді, 2,8 мың жалған онлайн займ анықталды", – деді Дүйсетаев. 

Сонымен қатар тұрғындар көп жағдайда күдікті жобалар мен ұйымдарға қаржысын құяды екен. Ал олардың жарнамасы әлеуметтік желі мен видеохостингтерде өте көп кездеседі. Бұдан бөлек фишинг сілтемелер арқылы да азаматтардың жеке мәліметтеріне қол жеткізіп, қаржысын иемденетін көрінеді. 

ІІМ өкілінің пайымдауынша,  Қазақстанда полиция қызметкері болып хабарласып, азаматтарды алдайтындар көбейген. Түрлі деректер арқылы өздеріне сендіріп, банктегі қаржысын өз есепшоттарына аудартқан. 2022 жылдың алғашқы жартысында осы секілді 3 мыңнан аса дерек тіркелген. 

Заңгер Альбина Бақтиярқызы ірі интернет сервистер мен хабарландыру орналастыруға арналған бағдарламаларда алаяқтар көбейгенін айтады. Сонымен қатар кейбірі арам пиғылын Instagram сынды желілер мен электронды пошта арқылы да жүзеге асырады екен. 

"Негізгі алдау жолы – сұранысқа ие, танымал тауарларды тиімді бағамен сатылымға қояды. Ал сатып алушылар қоңырау шалғанда клиенттердің көп екенін алға тартып, алдын ала төлем сұрайды. Шындап келгенде оның қолында не тауар жоқ, сәйкесінше сатып алушылар да жоқ деген сөз. Мәселен, жақында Krisha.kz сервисіне анализ жүргізіп, пәтер іздеп көрдім. Жақсы пәтер тапқан соң хабарласып көрдім. Тұтқаны алған азамат өзін заңгер екенін және жеке компаниясы барын айтып, сендіруге тырысты. Тіпті үйдің фото мен видеосын да жіберді. Сөйтіп алдын ала төлем жасау үшін басқа адамның мәліметтерін беріп тұр. Ойлана келе оның алаяқ екенін түсіндім. Сөйтіп әңгімеге тартып, алаяқ екеніне көзім жетті. Осы секілді жағдайлар өте көп", – деді ол. 

Заңгердің айтуынша, әлеуметтік желіде жалған парақша ашып, жазылушылар жинап, жоқ өнімдерді сататындар да көбейген. 

"Кейбірі спорттық және дайын тағамдар сатады. Ал клиент ақшасын аударып, соңында алаяқтың құрбанына айналады. Олар жылы сөйлеп, түрлі дәлел-дәйектерін келтіріп, адамдардың сеніміне кіреді. Тиімді баға мен жеңілдіктерді ұсынады. Қазір "Банк қызметкерімін" деп қоңырау шалатын алаяқтар туралы көпшілігі біледі. Біле тұра қақпанға түсіп, ақшасыз қалады. Банк қызметкері еш уақытта клиентке өзі хабарласпайтынын естен шығармау керек", – деп түсіндірді Альбина Бақтиярқызы. 

Маманның пайымдауынша, интернет сервистерде адамдарды алдау өте оңай болғандықтан, алаяқтар OLX, Kolesa мен Krisha сынды платформаларды жиі қолданады.

"Мұндай сервистерді қолданатын адамдар саны өте көп және олар белгілі тауар немесе қызмет қажет болғандықтан кіреді. Ұнаған тауарды таңдаған соң сатушымен байланыс орнайды. Қарап тұрсақ, азаматтар алаяқтарға өздері барады. Бағаға келісу үстінде олар түрлі ұсыныстарымен адамдарды алдайды және сеніміне кіреді. Сондай-ақ кей жағдайда алаяқтар сатушыға өздері хабарласады. Алайда тауарды алып кете алмайтынын айтып, курьер арқылы салып жіберуін сұрайды. Төлемді интернет арқылы жасағанын айтып, сатушыға сілтеме жібереді. Сілтемеге кіріп сатушы өз деректерін енгізген соң алаяқ оп-оңай есепшотынан ақшаны шешіп алады", – деп қосты Альбина Бақтиярқызы. 

Алаяқтарды қалай тани аламыз?

Заңгердің пікірінше, алаяқты бірден ажырату қиын. Тек әңгіме кезінде ғана анықтауға болады дейді. 

"Хат алмасу кезінде сатып алушы тауардың бар-жоғын, оның шынымен сатушы екенін тексеріп алған абзал. Көпшілігі мұны тексермейді және басты қателігі де осы дер едім", – деді ол. 

Альбина Бақтиярқызы интернет-алаяқтың құрбаны болған азаматтардың құқығы көп жағдайда қорғалмай қалатынын жасырмады. Себебі интернеттегі алаяқтарды анықтау өте қиын, деп қосты заңгер. 

"Сондай-ақ алаяқтар бөтен нөмір мен бөтен банк есепшоттарын, әлеуметтік желіде жалған парақшаларды қолданады. Осының салдарынан қоғамда интернет-алаяқтық үлкен мәселеге айналып отыр. Қолда дәлелдер болса да қылмыстық іс қозғалмай жатады. Құқықтық қолдау болады, бірақ нәтижесіз", – дейді заңгер.

Ғаламторда алаяқтың құрбанына айналмау үшін азаматтар интернет-дүкенде сауда жасау кезінде абай болу керек. Осылай деген заңгер сатушыны толықтай тексеріп барып сауда жасауға кеңес берді. 

"Заңдық талаптарды сақтай отырып жұмыс істейтін сатушы ресми есепшоттарды ұсынады. Кейбірі шарт жасасып, алдын ала төлемді жазбаша түрде рәсімдейді. Ең бастысы – кім көрінгенге сенбеу. Тіпті ресми дүкеннің атын жамылып та әрекет ететіндер бар. Сондықтан ғаламторда барлық интернет-дүкенге сеніп артудың керегі жоқ", – деп түйіндеді Альбина Бақтиярқызы. 
Талқылау