"Далада қалдық": Павлодарға көшіп келген қандастар үйлерін заңдастыра алмай жүр
Павлодарда өзге елден өз еліне оралған 13 отбасы кері қайтпақшы. Осыдан 5 жыл бұрын атажұртқа қоныс аударған қандастарға әкімдік үй береміз деп сендірген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.
Алайда, кейін шенділер уәдесінен айнып қалса керек. Шенеуніктердің сөзіне иланған ағайын жалдамалы баспанаға күрделі жөндеу жасап, жанына қора-қопсы да салып алған. Енді далада қаламыз ба - деп уайымдайды.
Айбын Құрман – атажұртқа Қытайдан көшіп келген. Мемлекеттік бағдарлама негізінде оған Ленин кентінен жалдамалы баспана беріліпті. Ай сайын жалдау құнын өзі төлейді. 5 жыл өтіп, енді үйді жекешелендірмек болғанда мәселе туындап отыр дейді.
“Тегін дүниені пайдалана қояйық-деп келгеніміз жоқ. Бастапқыда анықтамасын қолымызға беруі керек еді. Мына үйдің бағасы осындай, 5 жылдан кейін мұндай болады. Отырғың келсе отыр, отырғың келмесе ауылға бар, қалаға бар, не істейсің өзін біл,деп айтса ғой. Ол кезде жағдай басқаша еді”, – дейді қандастардың бірі Айбын Құрман.
Әкімдік өкілдерінің сөзіне сенген қандастар өз қаржыларына үйге күрделі жөндеу жүргізіп, қора-қопсы да салып алған. Өйткені, бұл баспаналар 4 жыл бойы қаңырап бос тұрыпты. Осыдан 9 жыл бұрын бой көтерген 60 үй сапасыз салынғандықтан, тұруға жарамсыз болып қалған. Ол кезде де әкімдік бұл үйлерді отанға оралған ағайындарға беріпті.
“Үй қалады дегеннен кейін мен бар ақшамды осыған салдым. Отыратын үйім енді. 1,5 млн. теңге салдым. Осы үйіміз бар, үкімет берді, деп. Енді біз далада қалуға айналып отырмыз”, – дейді қандас Орал Әлиұлы.
Ал әкімдік өкілдері тегін үй беру заңда қарастырылмаған – дейді. Үйді жекешелендіруге кімнің уәде бергенін де білмейді.
“Бес жыл толған жағдайда жекешелендіретін болса, бірінші жарнасы 30 пайызын құятын болса, қалған 70 пайызы ешқандай процентсіз 10 жылда төлеп шығуға мүмкіндіктері бар. Яғни, тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес, 10 санаттағы азаматтар осы үйді тегін алуға мүмкіндіктері бар. Бірақ өкінішке қарай, қандастар бұл санатта көзделмеген”, – дейді Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Аманбек Ұнатұлы.
Әкімдік бұл үйлерді қазір 5 млн. 856 мың теңгеге бағалап отыр. Алайда, жөндеуіне миллиондап қаржы құйған қандастар оны мұндай ақшаға сатып алуға шамамыз келмейді дейді. Сондықтан, олар әкімдік жөндеуге кеткен қаржыны қайтарсын деп талап қойып отыр.

Азық-түлік, газ, темекі қымбаттайды, әскерилер үйді жекешелендіріп ала алады: Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді
