Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дағыстандық азамат Атырау облысында зардап шеккендерге көмек көрсету үшін тура бір тәулік жол жүріп келген

Ресейдегі Дағыстан Республикасының тұрғыны Омарасхаб Ахмедов еліміз бөлек болғанымен, қиын кезде бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото видеокадрдан алынған

Белгілі болғандай, ер адам Дағыстанның Хасавюрт қаласының маңындағы ауылда тұрады. Омарасхаб Ахмедов Атырау облысына дейін көп мөлшерде қап салынған сөмкелерді жеткізу үшін 24 сағат жол жүргенін айтады.

"Туысқандарым әлеуметтік желіден Қазақстанның Ресеймен шекаралас аймақтарында тасқын судан қорғаныс бөгетін бекіту үшін қап жетіспейді деген ақпаратты оқыпты. Олар бұл ақпаратты маған жеткізді. Содан соң бауырлас елге көмек беру үшін таныстарымнан қап іздей бастадым. Досымның зат сақтайтын қоймасы бар еді. Түнгі сағат 02:00 шамасында сол қоймадан жүк таситын ГАЗель көлігіме 50 қапты тиеп, жолға шықтым. Атырауға тезірек жету үшін түнімен жол жүрдім", – дейді дағыстандық азамат.

Дағыстандық азаматтың айтуынша, туған жеріндегі таныстары мен достары туған жеріне оралуын асыға күтіп отыр. Енді олардың Атырау облысына гуманитарлық көмектің тағы бір партиясын жеткізеді.



"Тұратын еліміз бөлек болғанымен, қиындық кезде бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек. Мақсатым – туысқан халықтың осындай қиындықтан аман қалуына үлесімді қосу", – дейді ол.

Еске салайық, 5 сәуірде Атырау облысы Жылыой ауданындағы Құлсары қаласы су астында қалды. Жергілікті халық "вахталық поселок" деп атап кеткен аумақ маңы тұтас суға кеткені туралы жазған едік.

Талқылау