Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәулет Тұрлыхановтың әскери бөлімнен қашқан ұлы жазалана ма - Министр пікір білдірді

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов депутат Дәулет Тұрлыхановтың әскери бөлімнен қашып кеткен ұлына қатысты түсінік берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Ол (Нұрасыл Болат - авт.) әскери бөлімнің бақылауында болған. Бірақ өз еркімен кетіп қалған. Атап айтқанда, әскер – жасөспірім қылмыскерлерді ұстайтын колония емес. Аталған мәселеге қатысты тәрбиеден болған кемшілік деп санаймын", – деді Руслан Жақсылықов Үкімет отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұл тұрғыда ол отбасында жастардың тәрбиесіндегі кемшіліктерді әскер қатарында бірден еңсеру мүмкін емес екенін айтты.

"Оның әскери бөлімнен кетіп қалуына жол берген офицерлер тәртіптік жазаға тартылады. Ал әскери қызметшіге қатысты жазаны сот анықтайды. Гауптвахтаға қамалуы мүмкін", – деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, депутат, спорт ардагері Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінен қашып кеткен болатын. Кейін ол табылып, қызмет атқаратын орнына жеткізілді.

Нұрасыл Болат Алматы қаласында заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Черновты соққыға жықты деп күдікке ілінді.

Алматы қалалық Полиция департаменті аталған деректі ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы ("Бұзақылық") бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеді.

Кейін спорт қайраткері Дәулет Тұрлыханов баласының бұзақылық әрекетіне байланысты түсінік берді.

Талқылау