Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дүйсенова қай зейнеткерлердің зейнетақысы екі есе өсетінін айтты

Еңбек министрі зейнет жасының ұлғаюына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың Алматыға жұмыс сапары аясында қала әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен әлеуметтік-еңбек саласының мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Өз сөзінде Тамара Дүйсенова министрліктің әлеуметтік-еңбек саласын жаңғырту барысындағы жұмыс нәтижелері жайлы әңгімеледі.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» идеясы мен  халыққа Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік-еңбек саласын жаңғыртуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырыла бастайды.

Министр бүгінгі таңдағы ең басым бағыттың бірі – аз қамтылған отбасыларға шартсыз және шартты түрде берілетін жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмектің енгізілуі екеніне назар аударды.

Егер қазіргі таңда АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) табысы күнкөріс деңгейінен 40% төмен адамдар мен отбасыларға қаржылай көмек ретінде берілетін болса, жаңа жылдан бастап АӘК әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда берілетін болады.

Сонымен бірге, жаңа жылдан бастап төленетін АӘК  – қазіргі таңдағы АӘК, балалар жәрдемақысы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы секілді 3 әлеуметтік төлемнің орнына Бірыңғай жәрдемақы түрінде төленетін болады. Ең басты ескеретін жайт, жаңа АӘК мөлшері жоғарыда аталған 3 түрлі жәрдемақының жалпы сомасынан жоғары болады.

«Сондықтан, жаңа АӘК тек қана қаржылай жәрдемақы ғана емес, кедейлік деңгейінен шығудың кешенді шарасы болмақ. Жәрдемақының қолжетімділігі мен бизнес-процестерді оңтайландыру мақсатында жәрдемақыны бір терезе жүйесімен Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүргізу ұсынылады», – деді ведомство басшысы.

Министр алда тұрған мақсаттарды ескере отырып, жұмыспен қамту орталықтарын күшейту арқылы жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде қосымша жұмыс орындарын ашып, материалдық-техникалық жабдықталуы мен маман даярлау ісіне аса мән беру керек екенін атап өтті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жиналғандардың назарын мәселенің аса маңыздылығына аудара отырып, келер жылдан басталатын зейнет жасының ұлғаюы жөнінде нақты, әрі түсінікті әңгімелеп берді. Келер жылдан бастап базалық зейнетақы тағайындау тетігі өзгереді.

Егер қазіргі таңда базалық зейнетақы зейнеркерлік жасына толған барлық азаматтарға бірдей мөлшерде төленсе, ынтымақты немесе еңбек зейнетақысы 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтіліне байланысты төленуде.

Толық зейнетақыны немесе айлық еңбекақысының 60% (47 АЕК-тен аспайтын) 20 жылдық еңбек өтілі бар әйелдер мен 25 жылдық еңбек өтілі бар ер азаматтар алады. Егер еңбек өтілі осыдан аз болса, сәйкесінше зейнетақы мөлшері де аз болады. Бұл айырмашылық еңбек өтілінің аздығымен ұлғая береді. 1960 жылдары туғандарға бұл еңбек өтілі орташа – 18 жыл болса, 1970 жылы туғандарға – 10 жыл, ал 1980 жылы туғандарға ешқандай еңбек өтілі жоқ.

Осыған байланысты, әйелдер арасындағы зейнетақының азаю бөлігін өтеу мақсатында Қазақстан Үкіметі мынадай шараларды қабылдап отыр:

а) 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақы төлеу тетігі өзгереді.

Бұл өзгеріс бойынша базалық зейнетақы тағайындау мөлшері азаматтардың 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі мен 1998 жылдан бері қарайғы бірыңғай зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысуына тікелей байланысты болмақ;

ә) зейнетақы жарналары салымдарының үзіліссіздігін қамтамасыз ету мақсатында, 2014 жылдан бастап жұмыс істеп жүріп, 1 жасқа дейінгі бала күтімінде отырған әйелдердің зейнетақы жарналарының 10%-ын республикалық бюджеттен субсидиялау жүзеге асып келеді;

б) жинақ мөлшерін ұлғайту мақсатында, 2020 жылдан бастап жүзеге асатын зейнетақы жинақтау жүйесінде жұмыс берушінің өз қызметкерінің жинақтау есебіне тағы да 5 % мөлшерінде зейнетақы жарнасын аударуы заңмен міндеттелген.

Бұл жүйе бойынша, әйел азаматтардың алатын зейнетақы мөлшері зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысу мерзімі мен зейнетақы жинақтау жарнасын үзіліссіз аударып отырғанына тікелей байланысты болады.

Сондықтан, келер жылдан бастап енгізілгелі отырған зейнет жасын кезең-кезеңмен жоғарылату жүйесі зейнетақы жинақтарын да ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл жүйе жыл сайын 6 айға ұлғая отырып, 2018 жылдан 2028 жылға дейін 10 жыл қатарынан жүзеге асатын болады.

Сонымен қатар, әйелдердің зейнеткерлікке ерте шығу бойынша жеңілдіктері сақталатын болады. 5 бала тәрбиелеген және 20 жылдық еңбек өтілі бар әйелдер зейнеткерлікке 53 жасында шыға алады. Бұл жағдайда мемлекет әр бала үшін жалпысы 12 жылдан аспайтын, 3 жылдық еңбек өтілін есепке алады. 50 жасында зейнеткерлікке шығу мүмкіндігі жеке зейнетақы есебінде  міндетті зейнетақы жарнасы мен міндетті кәсіби және ерікті жарналары жеткілікті мөлшерде жиналған әйелдерде сақталады.

Тағы да оқыңыз:

Тұрмысқа жаңа шығып ана атануына екі ай қалған келіншек сәбиімен бірге көз жұмды

Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырысты Әблязовтың бергені расталды

Утилизацияның екінші кезеңі басталды: Ескі көліктерге қанша ақша төлейді?

Талқылау