Cолтүстік Қазақстанда екі баланы өрт құшағынан алып шыққан көпбалалы әке батыр атанды
Солтүстік Қазақстан облысында ер адам жанып жатқан үйден ересектердің қарауынсыз қалған кәмелетке толмаған екі баланы алып шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Рkzsk.info сайтына сілтеме жасап.
4 қазан күні таңертең облыс орталығынан 7 шақырым жерде орналасқан Трудовое ауылының тұрғыны Рустам Джумабаев көлігімен жолда келе жатқан. Ол жеке үйлердің бірінің төбесінен түтін шығып жатқанын көреді. Көп ойланбастан құтқаруға ұмтылған ол 11 және 6 жастағы екі баланы өрттен аман алып қалады. Балалардың ата-анасы бұл уақытта жұмыста болған.
- Атырау облысында қорадан үш баланың мәйіті табылды
- Атырауда ер адам өз ағасының отбасын өртемек болған
"Мен көлік терезесінен үйдің төбесінен көтерілген түтінді көрдім. Көршілері айғайлап, үйдің ішінде балалар бар екенін ал әкесі анасымен бірге ауруханаға кеткенін айтты. Мен үйге жүгіріп кіріп барлық бөлмелерді тексеріп шықтым, екі баланы еш алаңсыз еденде ойнап отырған жерлерінен таптым. Оларға өрт болып жатқанын айтып, кішкентай қызды көрпешемен орап ағасымен бірге сыртқа алып шықтым да көршілеріне табыстадым. Осы сәтте үйдің ішінде газ баллоны болуы мүмкін екені ойыма келді. Қайта үйге кірдім де газ баллонын өшіріп, сыртқа алып шықтым. Ашық отпен үйдің шатыры жанып, шиферлері жарылды", – деп оқиғаны еске алады Рустам.
Ер азаматтың өзі төрт бала тәрбиелеп отыр және өзін батыр деп санамайды. Өрттің алдын ала себебі – электр сымдарының дұрыс жұмыс істемеуінен шығуы мүмкін.
Аққайың ауданының төтенше жағдайлар департаменті батырды марапаттау мәселесі қаралып жатқанын жеткізді.