Цифрлық даму министрлігі қазақстандықтардың жеке мәліметі рұқсатсыз таралғанын растады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков мәжілістің жалпы отырысынан кейін кейбір телеграм-боттарда қазақстандықтардың жеке мәліметтердің таралу оқиғасы болғанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Вице-министр олардың жұмыс принципіне тоқтала келе, аталған жүйе ақпаратты әртүрлі көздерден, соның ішінде әлеуметтік желілерден және ұялы телефон нөмірін енгізу негізінде жинап, деректерді өзара біріктіріп отыратынын айтты.
“Біздің ойымызша, бұл мәліметтерді Қазақстанда тыйым салынған сервис жариялауы мүмкін. Бұл сервис телефон нөмірі арқылы деректерді шығарып береді. Тиісті адрестерге тоқталсақ, олар негізінен бұдан бұрын жарияланған ескі деректер. Сонымен қатар, бұл ақпарат жалпыға бірдей таралған сервистерден алынуы ықтимал, яғни тағам немесе түрлі тауарлар жеткізетін қызмет көрсету нысандарынан жинақтауы мүмкін", - деді вице-министр.
Осы орайда Мәлік Олжабеков Мәдениет және ақпарат министрлігіне осы қызметтерді бұғаттау туралы тиісті өтінім жолданғанын айтты. Сондай-ақ осы дереккөз иелеріне қатысты тексеру жүргізу үшін таралған ақпаратты зерттеу жалғасып жатыр.
Мұнымен қоса, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева бүгін палатаның жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы деректерді қорғау мәселесін қарастыратынын, бұл жеке деректерге қатысты түзетулердің үшінші пакеті екенін айтты.
"Ең бастысы, біз жеке деректер саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтеміз", - деді депутат.