Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"10 мың теңгеге бала жаттықтырамын, залдың еденін өзім жуамын": Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибраимовтың бас бапкері қазіргі жағдайы туралы айтты

Танымал бокс тренері, Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов 2000 жылғы жазғы олимпиадада ел абыройын асқақтатты. Ол Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибраимов, Мұхтархан Ділдәбеков, Болат Жұмаділов сынды шәкірттерінің жұлдызын жаққан. Сидней олимпиадасында атой салған бапкердің қазіргі хәлі қалай дерсіз? Айына 10 мың теңгеге  бала оқытып, залын өзі жуып, өзі тазалайды? Неге мұндай күйге түсті, бір олимпиадада 2 алтын 2 күміс қанжығаға байлаған жаттықтырушы неге тасада қалып қойды? Қазақстанның бокс федерациясының бас бапкерлігінен неге кетті? Қайта оралғысы келеді ме? Stan.kz тілшісі ұмыт болған бапкермен сұхбаттасып қайтты. 

 – Тұрсынғали аға, неге көрінбей кеттіңіз? Қазір немен шұғылданып жатырсыз?

– Қазір қаланың сыртынан үй салып алдым. Өмір қамшының сабындай қысқа десек, спорттағы өмір одан қысқа. Шәкірті кеткен соң, бапкер не істейді? Бізде өте қиын. Осы залды қарызданып жүріп әрең дегенде салып бітірдім. 9-10 жастан бастап жаттығады. Сондай-ақ, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жігіттер жатып оқиды. Одан бөлек бір жарым жылдан бері екі араб бала жатып оқып жатыр. Нәтижелері жаман емес. Күніге таңертең және кешке екі рет жаттығады. Қазір қолымдағы жастарды тәрбиелеп, шынықтырып, құрамаға қосуға талпынып жатырмын. 40-қа жуық оқушыны жаттықтырамын. 

Чемпион боп ешкім келмейді. Алдына келген жас жігітті баптайтын ол бапкер. Сондықтан бапкерлердің де жағдайын жасау керек. Мына заманда жаттықтыратын зал салу оңай емес. Жай ғана 1-2 бөлмелі кішкентай үйді салудың өзі ақырет. Қарызданып, кредит алып жүріп салдым. Үкіметтен ешқандай көмек алмаймын. 

Жаттығатын жігіттерге бар жағдайды жасауға тырысудамын. Бірақ қаражат жағы қиын. Әр баладан 10 мың теңге аламын. Залдың еденін өзім жуып, өзім тазалаймын. Кейде балаларға айтып тазалатамын. Үйді білетін жақын маңдағы адамдар балаларын шынықтыруға береді. Бірақ кейде ақшасын төлеуге шамасы жетпей бір айдан кейін ақысын сұрасам, келесі күні жаттығуға келмей қалады. Кейде келешегі мықты баланы көріп тұрсам, тегін-ақ жаттықтырамын. 

– Биылғы Токио олимпиадасының нәтижелеріне жанкүйерлер көңілі толмай, елдің еңсесі түскендей болды. Спортшыларымызға не жетіспеді? Алтынсыз қайтпайтын қазақ боксшыларының шамасы неліктен қоладан аспай қалды?

– Токио Олимпиадасы бәрін көрсетті. Қаншама жылдан бері еліміздегі спортта өзгеріс болмағаны байқалды. Бокс әр Олимпиадада тұрақты түрде алтын алып отырды. Ал басқа спорт түрлері арасында ғана алды. Шишигина мен Баландин, Рыпакова сынды жеңіл атлетикадан, жүзуден біз тұрақты түрде медаль алмаймыз. Сондықтан мына спорт түрі қарқынды дамып келе жатыр деп айта алмаймыз. 

Токио Олимпиадасын қарап, анализ жасап отырдым. Тренерлер штабы дұрыс жұмыс істемеген. Спортшылардың көзінде от жоқ, шаршаған. Керекті керек емес барлық сбор, талай жарыстардың бәрі артық. Жігіттер шаршы алаңға шаршап шықты. Мықты боксшылар барғанымен, бірақ дұрыс дайындық болмаған.

Сәкен Бибосынов бірінші раундта нокдаун алды. Сол бірінші раундтан бастап төрешілер қарсыласқа басымдық берді. Сәкен кейіннен есепті теңестіргенімен төреші шешімімен қарсыласы жеңіп кетті. Бұл жерде төрешілердің қарсылас тарапына жеңісті бұрып жіберуіне Сәкеннің өзі жол беріп алды. 

Қанша жылдан бері бокс алтын алып келіп, басқа спорт түрлерінің кем-кетігін жабатын еді. Ал бұл жолы спорттағы бүкіл былық пен шылықтың арты ашылды. 

– Олимпиададан кейін спортшылар сый-сияпаттың астында қалып жатады. Сіздерге де сол сияпаттан бұйырады ма?

– Қазір қола алса шашу шашып, мәз боламыз, әуежайдан күтіп алып, аяқтарын жерге тигізбей әуреленеміз. Бұл жағдайдың арты жақсылыққа әкелмейді. Неге десеңіз, қолаға қуанып, алтынға үміт артпайтындай психологиялық барьер қойып жатырмыз. Кейінгі жастар алтынға емес, қола алсам да болды деп ойлайтын сана қалыптастырудамыз.

Бапкерлердің жалақысы қанша екенін білесіздер ме? 60-80 мыңның төңірегінде ғана. Олар қалай отбасын асырайды? Қалай өмір сүреді? Кеңес үкіметі кезінде бәрі басқаша еді… Құрама командаға кірдің ба бітті, барлық жағдайынды жасайды. Артқа қарап, алаңдамайсың, тек жаттығуыңмен айналысасың. Шәкіртің Олимпиада чемпионы болуы үшін кем дегенде 10-15 жыл жаттықтыруың керек. Ал қазіргі айлықпен бапкер шыдай ма? 

– Кезінде Олимпиада чемпионы болған, үлкен жетістіктерге жеткен шәкірттеріңізбен қазір қарым-қатынасыңыз қалай?

– Бұрын жаттықтырған спортшылармен ара-қатынасымыз жақсы. Ермаханмен араласып-құраласып тұрамыз. Той жасаса, ұмытпай мені шақырады, төрінен орын береді. Ұлын үйлендергенде мені шақырды, сонда оның әкесі: “Ермаханның чемпион болғаны – сенің арқаң” деп айтқанда, арқамнан ауыр жүк түскендей болды. 

– Осы уақытқа дейін ешбір бапкердің шәкірті бір олимпиадада 4 медаль алған емес. Өзіңізді ең мықты жаттықтырушы санайсыз ба?

– Өзімді ең табысты тренер деп санамаймын. Әрине, кезінде 4 бірдей қазақ финалда атой салғанда, қатты қуандым. Бірақ сол жеңістің құдыретін қазір сезініп жатырмын. Үлкен еңбек бітірген екенмін деп. Қазір шәкірттері бір Олимпиадада 2 алтын, 2 күміс алған ешкім жоқ. Деседе, ең мықты тренер болатын болсам, қазір ең кемі құрамаға бас бапкер болып жүретін едім … 

 – 2000 жылы Сиднейде 20 жастағы Бекзаттың чемпион болып, байрағымызды көкке көтергені нағыз сенсация болды. Оның аяқ асты өлімі жұртты есеңгіретіп жіберді. Сол шәкіртіңіз жайлы естелік айтсаңыз. 

– Бекзатпен 1998 жылдан бастап таныспын. Оның алаңдағы жылдамдығы мен алғырлығы және мінезіндегі қайсарлығы көзге ұрып тұрды. Жаттығуда өзін аямайтын. Басқалар тауға жүгіріп әрең шықса, бұл аяғына құм байлап бірінші келетін. Алдына мақсат қойса жетпей тынбайтын, тыным іздеп әуре болмайтын азамат еді. Олимпиада кезінде әр жекпе-жек сайын, әр раунд сайын екінші тынысы ашылғандай болып, күшейе түсті. 

Жеңіспен оралған соң он күн уақыт өтпей “аға, жаттығуды тезірек бастайық, зеріктім” деп айтқаны бар еді. Ол бір емес, бірнеше дүркін Олимпиада чемпионы болғысы келді. Бірақ, әттең, қапыда айырылып қалдық. 

Оның қазасы туралы түнде ұйықтап жатқанда, қоңырау шалып айтты. Есеңгіреп қалдым. Ал таңертең бүкіл БАҚ жариялады. Оның өлімі туралы түрлі қаңқу сөздер айтылды. Қасақана жасалған қылмыс деп айтушылар болды. Мұндай сөздерге сенбеймін. Мен өз көзіммен көлігін көрдім. Жап-жас спортшының өлімі кімге керек?! 

– 2000 жылғы жеңістен соң, екі жыл өтпей бас бапкерлік қызметіңізден кеттіңіз. Неге?

– 2002 жылы әлем чемпионатында кубалықтарға есе жіберіп алдық. Олар бірінші орын, біз екінші орын алып қалдық. Содан кейін бас бапкерліктен шеттетілдім. Бұл чемпионат аса маңызды деп айта алаймын. Бірақ кет деген соң, кетесің. Мүмкін біреуге мінезім жақпай қалып, айтқандарым ұнамаған шығар. Мен қалай бар солай айтып тастайтынмын. Шындықты айтсаң, қашан да жексұрынсың. Әр олимпиадада алтынсыз қайтпайтын боксқа көбірек ақша бөлуді сұрадым. Неге десеңіз, медаль алмақ тұрмақ, үздік ондыққа кірмейтін спорт түрлеріне бокспен бірдей қаржы бөлінгені дұрыс емес. Осындай жайттарды жасырып қалмайтыным үшін де жақпаған шығармын. Одан кейін қайта шақырды, бармадым. Еркін болғым келеді …

Youtube арнамыздан сұхбаттың толық нұсқасын көре аласыздар: 

Талқылау