“Конституцияның 15-бабында өлім жазасын қолдануға тыйым салынған, ал қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамаларынан оған қатысты нормалар алынып тасталды. Осылайша, қылмыстық кодекстегі бұл сотталушылар тобына қатысты шектеуді сақтау Конституцияға сәйкес келмейді”, – делінген түсініктемеде.
Адвокаттардың айтуынша, бір кездері қылмыстық кодексте өлім жазасы қарастырылған еді. Кейін ол өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды, алайда заңда құқықтық қайшылық тудыратын нормалар қалып қойған. “Өмір бойына бас бостандығынан айыру” деген тұжырым, мәні бойынша, адам өмірінің соңына дейін босатылмайды деген сөз. Бірақ іс жүзінде мұндай сотталушылар 25 жыл түрмеде отырған соң шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін.
Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы адам өлімімен аяқталған террористік актілер, аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру немесе педофилия сияқты аса ауыр қылмыс жасағандарға тағайындалады. Өткен жылы педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енгізілген еді.
Еске салайық, 2012 жылы мамырдың 27-сінен 28-іне қараған түні Алматы облысының "Арқанкерген" шекара бекетінде 14 шекарашы және бір қорықшы қаза тапты. Аман қалған он бесінші сарбаз Владислав Челах шекара бекетінен 20 шақырым жерде орналасқан қыстаудан табылды. Тергеу жұмысы барысында В.Челах басты күдікті ретінде қарастырылып, қамауға алынды. Бұл іс бойынша сот үкімі 2012 жылы 11 желтоқсанда шығып, сот Челахты 15 адамды өлтірді деп таныды. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Руслан Күлекбаев – 10 адамның өмірін қиған теракт үшін өмір бойына сотталған. Ол Алматыда полицейлерге шабуыл жасаған. Түрмелерде өмір бойына бас бостандығынан айырылған өзге де қауіпті қылмыскерлер бар. Бүгінде олардың нақты саны туралы ақпарат жоқ.
Шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы – сотталушы 25 жылын өтеген жағдайда, оң мінездемеге ие болып, қоғам үшін енді қауіп төндірмейтінін дәлелдеген кезде ғана қолданылады.