"Че там, қалайсың?": Шала қазақ тілі жастар арасында не себепті танымал және оны алдын алудың жолы бар ма?
Таза қазақ тілінде ғана сөйлеу сәннен қалып бара ма? Жастар арасында танымалдылығы артып келетін шала қазақ тілі уақыт өте келе жаңа сөздер легін шығарып отырады. "Заманауи тілдің" топтамасында көш бастап тұрған сөздердің бірі "Че там, қалайсың?". Шала қазақ тілінің басқа да ерекшеліктері мен оның қалай пайда болатыны және проблеманы шешу жолдары жайлы Stan.kz тілшісі білді.
Ең кең таралған тіркестер арасында: "Жеткен соң, напиши", "Не движ?", "Қоя салшы, родной?", "Брат, қалайсың", "На хабаре" сияқты сөздер легін атап өтуге болады.
Филолог мамандар шала қазақ тілінің кең таралып кетуіне тілмаш, аудармашы, терминологтардың жауапкершіліксіздігі себеп болып отыр деген пікірмен келіспейді.
Әл-Фараби атындағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы, Гүлдархан Смағұлова қазақ тілінің дыбыстарынан ақау іздеудің қажеті жоқ екенін айтады. Тіл мамандары қай кезде болмасын тіл мәселесіне келгенде бір сәт болса да қалғып кеткен жоқ, дейді маман.
"Қазіргі уақыттағы жастар деп отырғанымыз күні кешегі өсіп келе жатқан жасөспірім балалар еді. Сол кезден-ақ, олардың сөйлеу тіліндегі ала-құлалық басым болатын. Енді міне, бүгін жетіліп, толығып, шала қазақ тілін көркейтуге күш салып жатыр.
Тұрмыстық өмірімізден бұрын, олардың болмысы солай қалыптасып барады. Бара-бара нормаға айналып кетпесе игі еді. Ал себебін іздесек, әңгімені арыдан бастау керек. Ең бастысы - отбасылық тәрбие мен жүрген ортасының ықпалы әсер етеді. Бәлкім ата-ана шектеу қойған болар, бірақ, үйдегі теледидар мазмұны бойынша мультфильмдерден бастап, өзі қалайтын көрсетілімдер қазақ тілінен гөрі түсініктірек орыс тілі жақын болып тұр. Сондай-ақ, аула, мектеп айналасының бәрі орыс тілінде сөйлеп жүрсе, ол бала қалай қазақтанады?", - дейді ол.
Айтуынша, тіл мамандары қай кезде болмасын тіл мәселесіне келгенде бір сәт болса да қалғып кеткен жоқ. Жауапкершілікпен салмағы өлшеусіз мәселенің шешімін табуға дайын жүреді.
"Аударуға келмейтін терминдер мен тіркестер туралы жеке айналысып отырған терминологиялық комиссия айналысады. Дегенмен көппен ақылдасып істеген де дұрыс қой. Бұл ретте тек тіл мамандарымен қоса, терминге қатысты сол сала мамандары да бірге отырып не аударуға тырысады, не балама сөз іздейді. Бұл - заңдылық. Термин мағынасын тек сол саланың маманы ғана жақсы түсінеді. Ал тілдік жағына келгенде тілшілер қарастырады.
Тіл-тілдің өз фонетикалық ерекшеліктері бар. Қазақ тілінің фонетикалық мүмкіндіктерін латын негізді әліпбиге көшкенде жетік аңғарамыз. Себебі тосқауыл болатындай қазақ дыбыстарынан ақау іздеу - абсурд. Самаурын/самауыр, жәшік (орыс тілінен енген сөздер - авт.) деген сөздерден дыбыстық кемшілік көрмейсіз. Керісінше, өз жатық, әрі "қазақ" сөзі болып кеткен. Қалай алдын алуға, тоқтау қоюға болады? Бұл - оңай емес. Ол үшін бүкіл қоғам болып күресу керек. Әр қазақ ұлтымның тілі - болашағым деп түсінуі тиіс. Қазақ тілін өз баламызға мәжбүрлеп үйрететін халге жеттік. Тағы да сол отбасылық тәрбиеден басталуы керек. Содан кейінгі жайт біз жалтақтап отырған қоғамның іс-әрекетіне байланысты", - дейді ол.
Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыған мамандар қажет
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология ғылымдарының PhD докторанты Шегебай Айбектің айтуынша, шала қазақ тілі таңғаларлық "ұғым" емес.
"Меніңше, бұл мәселені басқа қырынан қарау керек. Мұны білім беру мәселесі арқылы шешу керек. Еліміздің көптеген университетінде қазақ тілінің мамандарын оқытып шығарады, бірақ орыс тілді аудиторияға қазақ тілін үйрететін мамандарды дайындамайды. Еліміз мемлекеттік тілде сөйлеу үшін қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыған мамандар қажет, олар ғана дұрыс бағыт бере алады. Көп жағдайда адамдар "қазақ тілінде сөйлемейді, шала қазақша сөйлейді" деп өзгелерді айыптап жатады, мұның бәрі оқытудың дұрыс әдістемесі болмағандықтан", - дейді маман.
Филолог шала қазақ тілі білім беру жүйесі түзелмейінше, жаңа әдіснама енгізілмейінше, жойылмайтынын айтады.
"Қазақ тілі былай алып қарағанда динамикалық емес, орыс тілінде пайда болған жаңа сөз тілге тез сіңіп кетеді, күнделікті тұрмысқа еркін енеді. Ал қазақ тіліне қатысты жағдай басқаша, бізде адамдар жауапкершілікті аудармашылар, тіл мамандары, филологтарға жүктеп қойғанды ұнатады. Басты проблема - осында. Шындығында тіліміздің шетелдік сөздерді аударуға қауқары жетеді. Барлық мәселе осында жатыр. Шала қазақша сөздер шетелдік сөздердің нақты аудармалары жоқтығынан пайда болады", - дейді ол.
Билік тарапынан тілге қатысты саяси реформа орнауы тиіс
Тарихын, ата түбін білмегендіктен және биліктен тіл саясаты дұрыс жүргізілмегендіктен, қазақ тілінің қолданылу аясы тарыла түспек. Мұның ішінде қолданыс тілі боларлық статусы төмен болуы, ел ішінде дұрыс дәріптелмейтіні тағы бар, дейді желі қолданушысы Думан Жақсылық.
"Қазіргі таңда экономика, әлеуметтік желі, техника, технологияның, тіпті сауданың басым бөлігі орыс тілінің ықпалында жүзеге асады.
Идеология жоғарыдан төменге қарай жүреді. Билік тарапынан тілге қатысты саяси реформа орнауы тиіс. Болмаған жағдайда жүйемен жүйелі түрде күрес жүргізу қажет", - дейді ол.
25 жастағы Асхат Серіков қазақ тіліне деген сұраныс қоғамның өзінде жоқ екенін айтады. Сондықтан оған орыс тілінің "элементтері" сақталған қазақ тілінде сөйлеген ыңғайлы.
"Қазақ тілі - ана тілім болғанына қарамастан, сондай-ақ, мектеп, университетте қазақ тілінде оқығанымды есепке алғанның өзінде, маған орыс тілінде кітап оқып, фильм көрген ыңғайлы. Қазақ тіліне дубляждалған фильмдерді көп адам көре бермеуі мүмкін, себебі олар қарапайым аудиторияға түсінікті бола бермейді, сондықтан оған сұраныс та аз. Өзім әрдайым орыс тілінде дубляждалған фильмдерге барамын", - дейді ол.
"Жиза, лол, хайп: "Жастар арасында кең таралған ТОП-10 сөз
Күнделікті қолданатын сөздердің халықаралық атауларын қалдырған жөн
Журналист Жансая Ысқақ тілдің шығуы, сөздің қалыптасуы екі жолмен болатынын айтады. Айтуынша, біріншіден, тіл - ананың сүті, атаның қанынан дариды, отбасы қалай сөйлесе, бала тілі де солай қалыптасады.
"Анасы орыс тілді болса, баланың тілі де орысша шығады. Содан кейін өсе келе қоғам, араласатын ортасы әсер етеді. Теледидардан, интернеттен қай тілде қарайды соған қарай бейімделеді. Тіпті, қазақша сөйлеп тұрса да, орысша ойлайтын адамдар да бар. Одан кейін қазіргі қазақ тілді сөздердің дұрыс аударылмауы, тілге ауыр болуы.
Мысалы: тоңазытқыш, желдеткіш, ұялы телефон сынды сөздерді көпшілігіміз қолданбаймыз да, күле қараймыз. Жақында танысымның баласы мектепке барды. Қазіргі таңда онлайн оқу болғандықтан анасы қасында бірге сабақ оқып отыр екен. Мұғалім сұрақ қойыпты; Ас бөлмесінде қандай заттар бар екендігін түсіндіріп жатыр екен. Тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш деп ас бөлмесіндегі заттардың қазақшасын айтса, баласы түсінбепті. "Холодильник қой, микроволновка ғой" деп аударып отыруға тура келді дейді. Бұл жерде кім кінәлі деген сұрақ келеді. Үйретпеген ата-ана ма? Әлде дұрыс аудармаған тіл мамандары ма? Меніңше, сондай күнделікті қолданатын сөздердің халықаралық атауларын қалдырған жөн секілді.
Мысалы, интернет - ғаламтор бірақ ешкім олай айтпайды. Мышка - тінтуір тіпті күлкілі. Сол секілді халықаралық атаулар беріліп қойылған атау болса, оны қазақшалаудың қажеті жоқ секілді. Ал қазақы сөздердің арасына орысша қосып сөйлеу құрметсіздік белгісі. Тілге деген, өзіңе деген. Оны түзеудің бір жолы - көп қазақша кітап оқу, қазақша фильмдер, сериалдар көру. Адамның миы есту арқылы көбірек қабылдайды сондықтан, қазақша таза сөйлейтін адамдармен араласу арқылы түзеуге болады деп ойлаймын", - дейді ол.