Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысындағы Сайрам су өзені түгелдей тартылып қалды

сайрамсу

Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысында арнасынан асып, жағалауды шайып, үйлер мен құрылыстарға қауіп төндірген Сайрам су өзенінің ағысы әлсіреп, суы тартылған. Мамандардың айтуынша, өзен суының күрт азаюына басты себеп – жауын-шашын болмауы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Өзеннің тартылуына тағы бір себеп бар. Оның жоғарғы жағында орналасқан гидроқұрылғы су ағынын бөліп, төменгі бөлігіне тіршілікке қажет ылғалдың жетуіне кедергі келтіреді. Экологтардың айтуынша, бұл жағдай аймақтағы әлсіз су экожүйесіне қосымша салмақ түсіріп отыр.

"Өзен арнасында экожүйені сақтап қалу және биоалуантүрлілікті қолдау үшін кем дегенде 70% су қалуға тиіс. Қазір бұл талап заңнамада тек жанама түрде ғана бекітілген, оны ешкім сақтап жатқан жоқ. Зертас ауылынан төменгі ағыста қандай да бір биоалуантүрлілік, әсіресе су экожүйесі жайлы айту мүмкін емес. Климаттың өзгеруіне қатысты болжамдар бұл жағдайдың жыл сайын қайталанатынын көрсетіп отыр", – дейді экоактивист Сергей Балабенко.

Сайрамсу өзені 70 шақырымнан аса аумақты алып жатыр, оның шамамен үштен бірі Шымкент қаласы арқылы өтеді. Бадам өзенімен қосылар тұсына дейінгі бөлікте өзен жиі құрғап қалады. Күннен-күнге өзгеріп жатқан климат жағдайында, бұрын суы мол болған табиғи өзендердің өзі таязданып қалды.

"Биыл алдыңғы жылдармен салыстырғанда жауын-шашын мөлшері айтарлықтай азайған. Бұл жағдай суармалы судың едәуір тапшылығына себеп болды. Өзендердің таяздануы – климаттың өзгеруінің тікелей салдары. Бұл топырақтың тозуына, су ресурстарының сапасының төмендеуіне және өзен арналарының біртіндеп құрғауына алып келеді. Мұның барлығы қоршаған ортаның жалпы жағдайына әсер етіп, табиғи тепе-теңдікті бұзады", – дейді Республикалық мемлекеттік мекеме "Арал-Сырдария су бассейндік инспекциясы" басшысының орынбасары Қопжан Садыбек.

Су шығынын азайту үшін өңірде баламалы су көздері белсенді түрде қолданылып жатыр. Атап айтқанда, ұңғымалар, дренаж сулары пайдаланылады. Сондай-ақ суды кезекпен беру жүйесі енгізіліп жатыр.

Жергілікті диқандар да суды көп қажет ететін дақылдардан біртіндеп бас тартып, қуаңшылыққа төзімді өнімдерге көшіп жатыр.

Айым Болатқызы
Жұма, 20 Маусым, 2025 10:01
Талқылау