Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркіменстанда президент кортежі үшін жол жабылғанда жүкті әйел ауруханаға уақытында жете алмай көз жұмды

әйел қайтыс болдыФото: azathabar.com

Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедовтің Лебап велаятындағы сапары кезінде жолдар жабылып, қозғалыстың шектелуі салдарынан жүкті әйел ауруханаға уақытында жете алмай, қайтыс болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азатлық басылымына сілтеме жасап хабарлайды.  

Анонимді түрде сөйлескен медицина қызметкерінің айтуынша, әйел күйеуінің қолында жан тапсырған.

"Күйеуі оны өз көлігімен біздің ауруханаға әкеле жатқан. Себебі жолды қауіпсіздік қызметкерлері жауып тастағандықтан, жедел жәрдем олар тұрған жерге жете алмады. Түркіменабат қаласының тұрғыны дер кезінде медициналық көмек ала алмай, құрсағындағы баласымен бірге күйеуінің қолында қайтыс болды", – деді ол.

15 қазанда Сердар Бердімұхамедов Түркіменабаттағы Ниязов атындағы химия зауытында минералды тыңайтқыштар шығаратын кешеннің іргетасын қалау рәсіміне қатысқан.

Азатлық мәліметінше, сол күні қаладағы көшелер мен жолдар түгел жабылып, қауіпсіздік және полиция қызметкерлері бірнеше сағат бойы көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысына шектеу қойған.

"Бұл жолы Түркіменабаттағы барлық жол жабылды. Қауіпсіздік күштері тіпті біздің аурухананың жедел жәрдем көліктерін де тұрақтан шығармады. Сол күні жедел жәрдем шақырған ешбір тұрғынға медициналық көмек көрсетілмеді", – деді “Эне мыхры” орталығының дереккөзі.

Оқиға куәгері жүкті әйелдің күйеуі жолды жапқан қауіпсіздік қызметкерлерінен тізерлеп тұрып, өтіп кетуге рұқсат сұрағанын жеткізді.

"Ол тізерлеп жалынып, жылады, бірақ оны өткізбеді. Қызметкерлер “Аудандық ауруханаға айналма жолмен барыңыз” деді. Сол жолда әйелі оның қолында көз жұмған. Олар ауруханаға жеткенде, дәрігерлер “Сіздер кешігіп қалдыңыздар” деп, бірден полиция шақырған", – деді полиция өкілі.

Сол дереккөздің айтуынша, келесі күні қарапайым киімдегі қауіпсіздік қызметкері марқұмның күйеуімен сөйлесіп, болған жағдай туралы еш жерге айтпауын қатаң түрде ескерткен.

"Оқиғадан кейін қауіпсіздік күштері бұл отбасының үйін күзетіп жүр. Ер адам президентке шағым түсіріп, әділдікке жетуге, бұл туралы БАҚ пен БҰҰ-ға хабарлауға ниетті екенін айтқан. Осыдан кейін қауіпсіздік қызметкерлері үйіне келіп, қорқытқан. Олар: “Балаңның болашағы мен денсаулығын ойла, сенің тағы бір тірі ұлың бар, соған қанағаттан” деп айтқан", – деді полициядағы дереккөз.

Десе де бұл жағдайға полиция мен денсаулық сақтау басқармасы пікір беруден бас тартқан. 

Түркіменстанда жоғары лауазымды тұлғалар аймақтарға барған кезде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Көптеген көшелер мен жолдар жабылып, көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысы бірнеше сағатқа тоқтатылады.

Көптеген түркіменстандықтар мұндай жағдайлар халықтың күнделікті өміріне теріс әсер етіп, әсіресе денсаулығы нашар адамдардың медициналық көмек алуына кедергі келтіретінін айтып шағымданған. 

"Мұндай оқиғалар Гурбангулы Бердімұхамедов билігі кезінде де жиі болған. Бірақ қауіпсіздік қызметі мұндай жағдайларды жасырып келген", – деді полициядағы дереккөз.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 22 Қазан, 2025 14:32
Талқылау