Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда сыра мен тағамдық қоспалар қашан таңбаланады – Сауда министрлігі жауап берді

Биологиялық белсенді қоспаларФото: freepik.com

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев үкімет отырысында сыра қайнату өнімдері мен биологиялық белсенді қоспаларды таңбалаудың нақты мерзімі белгіленгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, көлеңкелі экономика шағын және орта бизнестің дамуына кері әсер етіп, бәсекелестікті азайтып, бюджетті қомақты кірістен айырып отыр.

Осы мәселелерді шешу үшін елімізде міндетті түрде таңбаланатын тауарлар тізімі кеңейтіледі:

- мотор майы – 2025 жылдың соңына дейін;

- сыра өнімдері – 2026 жылғы ақпаннан бастап;

- жеңіл өнеркәсіп тауарлары – 2026 жылғы наурыздан бастап;

- зергерлік бұйымдар – 2026 жылғы желтоқсаннан бастап;

- биологиялық белсенді қоспалар – 2027 жылдан бастап.

Сондай-ақ сауда және интеграция министрі "Қазақтелеком" АҚ-мен бірлесіп тауарларды қадағалаудың ақпараттық жүйесін енгізіп жатқанын атап өтті. Бұл тауар жеткізу тізбегі бойынша өнім көлемі мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры туралы мәліметтерді бірыңғай платформада онлайн қарастыруға мүмкіндік береді.

"Осы жүйе негізінде инновациялық агромаркетплейс әзірленіп жатыр. Бұл жүйе өндірушілер, сауда желілері және мемлекеттік органдар арасында тікелей цифрлық байланыс орнатып, делдалдарды және ашық емес өткізу схемаларын жояды", – дейді Шаққалиев.

Бұл ретте премьер-министр Олжас Бектенов тауарлардың көптеген тобына таңбалауды енгізу мәселесіне қатысты бизнес тарапынан сұрақтар аз емес екенін атап өтті. Сауда министрлігі тарапынан таңбалаудың маңызы мен оң әсері туралы кәсіпкерлерге тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілмегені атап өтілді.

"Тауарларды цифрлық таңбалау жобасы ішкі нарықты контрафактілік және сапасыз өнімдерден қорғауға, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған", – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы министрлікке ақпараттық-түсіндіру науқанын күшейтіп, таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейтуді жалғастыруды тапсырды.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 05 Тамыз, 2025 12:00
Талқылау
`