Автобуста аутизмге шалдыққан баланы балағаттаған әйелдің әрекеті желі қолданушыларын ашуландырды (видео)
Видеодан скрин
Автобуста аутизмге шалдыққан баланы балағаттаған әйелдің әрекеті желі қолданушыларын ашуландырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан қоғамдық көлікте әйелдің науқас бала мен анасына дөрекілік танытқанын, баланы “топас” деп балағаттап, анасының киіміне тиіскенін көруге болады.
Автобустағы әңгіме төмендегідей өрбиді:
Әйел: - Балаң жыныма тиіп тұр.
Ана: - Жыңыңызға тисе, ол сіздің мәселеңіз.
Әйел: - Қалай менің мәселем, оның үстіне хиджабпен.
Ана: - Менің киімімде жұмысыңыз болмасын.
Әйел: - Балаңды тыныштандыр.
Ана: - Ол тыныш отыр.
Әйел: - Тыныш отырған жоқ, балаң ашулы.
Ана: - Өйткені ол аутизмге шалдыққан. Ерекше бала. Ал сіз ұятсыз әйелсіз. Балаға осындай сөздер айтуға қалай дәтіңіз барады. Бұл мүмкіндігі шектеулі бала.
Аутизмге шалдыққан 6 жасар Анисаның анасы өздерінің көліктері жоқ екенін, инвотиксиге хабарласу қиын болғандықтан күн сайын сабақтарға автобуспен қатынауға мәжбүр екендерін айтады.
“Мен адамдардан тек түсіністік танытқанын күтемін. Бұған дейін менің қызым автобуспен жүруге қиналатын, айқайлап, еденге жатып алатын. Қазір терапияның арқасында дұрысталып келеді, тек бір сөзді қайталап береді. Айқайламайды, тек бір сөзді қайталайды. Ал адамдарға бұл ұнамайды. Бұрын адамдар тек наразылық білдірсе, бүгін мына әйел қызымды “топас” деп атады, мен жылап қалдым”, – дейді Анисаның анасы Сағина.
Адамдардың осындай наразылықтарынан шаршаған ана қызының кеудесіне үлкен төсбелгі де жабыстырып қойған көрінеді.
Төсбелгіде “Мен өзімді жаман ұстамаймын, мен ерке емеспін. Менде АУТИМЗ. Өтініш, сабырлырақ болыңыздаршы” деп жазылған.
Жазбаға пікір қалдырған желі қолданушылары ерекше бала мен анасына қолдау білдіріп, дөрекілік танытқан әйелді жазалауды талап етуде. Кейбір қолданушылар осыған ұқсас оқиғаларын да бөлісті.
“Ұлым 11 жаста. Аутизм және ақыл-ой кемістігі бар. Мұндай жағдайлармен жиі кездесеміз — автобуста да, дүкен не ауруханадағы кезекте де. Ұлым агрессия танытпайды, ол жай ғана "Маша мен Аю" немесе "Фиксиктер" мультфильмдерінен ән айтып жүреді. Бір кезде мұндай адамгершіліктен жұрдай жандарға қатты мән беріп, жылап жүретінмін. Қазір бір рет қаттырақ дауыстасам, бәрінің аузы жабылады. Сізге күш-қуат пен сабыр тілеймін”, – дейді пікір қалдырушылардың бірі.
Тағы бір желі қолданушысы ауласындағы ерекше балаға деген көзқарастың қандай екенін айтып берген.
“Бізде көршіміз церебралды сал ауруы бар ұлымен түнде ғана серуендейтін. Ұялатын. Біз неге олай жасайтынын сұрағанша солай жүре берді. "Бұл – бала ғой. Күндіз де шығып, қыдырыңыз," дедік. Бала айқайлайтын, ештеңе етпейді, бәріміз онымен қол алысып амандасатынбыз. Жақындап, сөйлесетінбіз. Өкінішке қарай, кейінірек бала көз жұмды. Бірақ анасы баласына ешкім жаман көзбен қарамайтынына көзі жетіп, сабыр тапты”, – дейді желі қолданушысы.

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген
