"Бұзылған жолдар, қараңғы көшелер, қараусыз қалған үйлер": Баталов 20 жыл бұрын Талдықорғанның қандай болғанын еске алды

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов "Казахстанская правда" газетіне жазған мақаласында 2001 жылы жұмысқа келгендегі Талдықорғанның көрінісін еске алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Оның айтуынша, қала мүлдем жансыз, қолайсыз, ұсқынсыз көрінетін.

"Терезелері ашық қараусыз қалған ғимараттар мен көп қабатты тұрғын үйлер қарап тұратын. Қаңырап бос қалған көшелер, қираған үйлер.

Инфрақұрылымның жағдайы көңіл көншітерлік болмады: жылу да, ыстық су да, көше жарығы да болған жоқ. Кәсіпорындар, фабрикалар тоқтады, жолдар бұзылды. Жергілікті тұрғындардың қаладан кетуі таңқаларлық жағдай емес, оларда таңдау болмады. Халық саны 97 мың адамға дейін азайды", - деп жазады Баталов.

Президенттің 2001 жылғы 14 сәуірдегі жарлығымен облыс орталығы Алматыдан Талдықорғанға көшірілді. Қаланы ретке келтіру және жергілікті тұрғындар үшін қажетті тұрмыстық жағдай жасау үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінді.

"Сол кезде облысты Шалбай Құлмаханов басқарды. Қаланы тезірек қалпына келтіру үшін оның басшылығымен тәулік бойы жұмыс істедік. Біз үшін "жұмыс күні аяқталды" деген ұғым болған жоқ, өйткені уақыт қысқа, ал жұмыс көп болды.

Бірінші кезекте мемлекеттік мекемелердің ғимараттарын жөндеу және қалпына келтірумен, барлық жерден келген мамандар үшін тұрғын үй мәселесін шешумен, инженерлік коммуникацияларды қалпына келтірумен айналыстық. Облыс орталығына көшу уақытында жүзеге асуы үшін барлық шараларды қабылдау қажет болды, ал келген мамандарға жүктелген міндеттерін орындау үшін толыққанды жағдайлар жасалды.

Күш біріктіре отырып, 5 ай ішінде жұмыстың негізгі көлемін аяқтай алдық. 22 қыркүйекте Алматыдан автокеруен келді, бұл Талдықорғанда Алматы облысының әкімшілік орталығы ретінде жаңа өмір басталғаннын көрсетті.

Сол күні келушілерді қарсы алған жергілікті тұрғындар шын жүректен қуанғаны есімде. Өйткені, ұзақ жылдар бойы ұйқыда жатқан туған қаласы Талдықорған ақыры оянып, жан бітіп, болашаққа сеніммен қадам басты", - деп өз естеліктерімен бөлісті Баталов.

Нәтижесінде адамдар қалаға орала бастады, дейді әкім. Бүгінде Талдықорғанның халқы 200 мыңнан асады. Соңғы жылдары облыс орталығына бұрынғы тұрғындар ғана емес, сонымен бірге еліміздің басқа аймақтарынан да отбасылар көшіп келеді.

Қаланың сәулетті келбетін жаңа кіреберіс арка, Б.Римова атындағы жаңа драма театры, Спорт сарайы мен "Жастар" саябағы, жастарға қызмет көрсету орталығы, Достық үйі, Оқушылар сарайы, Салтанат сарайы, Көрме кешені, Журналистер үйі, Тілдер сарайы, жаңа тұрғын шағын аудандары безендірді.

Қаладағы Қаратал өзенінде жағалау пайда болды, ал жақында мұнда олимпиадалық типтегі жүзу бассейні салынады.

Білім беру саласына 8 жаңа мектеп, оның ішінде ІТ-лицей, концерттік залы бар музыка мектебі, жастарға арналған IT-стартаптар технопаркі, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті үшін үш студенттік жатақхана және жалпы сыйымдылығы 768 орындық екі колледж құрылысы маңызды үлес қосты. Егер 20 жыл бұрын қалада барлығы 6 балабақша жұмыс істесе, бүгінде 66 балабақша бар. Мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету деңгейі 95%-дан, ал облыс бойынша - 98%-дан асты.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр