Жоғарғы сот шешен белсендісі Мансұр Мовлаевты Ресейге экстрадициялауды тоқтатты

Қазақстан шешен белсендісі Мансұр Мовлаевқа босқын мәртебесін беру мәселесі шешілгенге дейін оны Ресейге экстрадициялауды тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“1995 жылғы 12 желтоқсанда туған Мансұр Мовлаевты Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 163-бабының 1-бөлімі және 163-бабының 2-бөлімі (г) тармағы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында экстрадициялау шешімін Қазақстан Республикасында оған босқын мәртебесін беру мәселесі толық шешілгенге дейін уақытша тоқтату", – деп хабарлады Жоғарғы сот судьясы Мәдениет Омарбекова.
Мансұр Мовлаевтың қамауда ұстау мерзімі босқын мәртебесін беру мәселесі толық шешілгенге дейін, кемінде бір айға ұзартылды.
Сонымен қатар, Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар үйлестіру басқармасының басшысына экстрадицияланған Мовлаевтың Қазақстанда босқын мәртебесін алу және пана беру туралы өтінішінің қаралу нәтижесін Жоғарғы сотқа дереу хабарлау тапсырылды.
Айта кетейік, бұған дейін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстаннан шешен оппозициялық белсендісі Мансұр Мовлаевты Ресейге экстрадициялау процесін тоқтатуды талап еткен еді.
Ақпаратты “Единая сила” саяси ұйымының баспасөз хатшысы Фатима Сүлейменова мәлімдеді. Оның айтуынша, шешім Мовлаевтың өкілі Вадим Дроздовтың өтініші негізінде, құқық қорғаушы Нина Беляеваның көмегімен қабылданған. Комитет шағым мәні қаралғанға дейін белсендіні беруге тыйым салатын уақытша қамтамасыз ету шараларын қолданды.
“Керемет жаңалық! БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті оның өкілі Вадим Дроздовтың өтініші бойынша Мансұр Мовлаевты Ресейге экстрадициялауға тыйым салды. Бұл істе айтарлықтай көмек көрсеткен әріптесіміз Нина Беляеваға да алғыс айтамын. “Единая сила” шешен қозғалысының спикері ретінде мен Мансұр мен Нинаның арасында байланыс орнаттым. Қазақстан БҰҰ шешімін орындайды деп үміттенемін”, – деп жазды ол.
Қаңтардың соңында Қазақстанның Бас прокуратурасы Ресей тарапының экстрадициялық сұрауын қанағаттандырған еді. Бұған дейін, 2025 жылдың соңында, қазақстандық билік Мовлаевқа баспана беруден бас тартқан.
Мансұр Мовлаев кім?
Мансұр Мовлаев – Шешен Республикасы басшылығын сынап жүрген шешен оппозициялық белсендісі. Ол аймақтағы ықтимал қуғын-сүргіндер мен адамдардың жоғалып кету деректері туралы ақпарат жинаумен айналысқан.
Өзінің сөзінше, Ресейде оған тағылған айыпты қолдан жасалған деп санап, осы іс бойынша шамамен екі жыл қамауда отырған. 2022 жылы бостандыққа шыққаннан кейін қайтадан Шешенстанда ұсталып, кейін қашып кеткені айтылады.
Кейінгі жылдары Мовлаев Ресейден кетіп, Қырғызстанға барған. Онда шекараны заңсыз кесіп өткені үшін алты айға сотталып, елден шығаруға үкім етілген. 2025 жылы ол Алматы қаласында ресейлік құқық қорғау органдарының сұрауы бойынша ұсталды. Ресей тарапы оны бопсалады деп айыптаса, қорғаушылары істің саяси астары бар екенін мәлімдейді.
2025 жылғы мамырда Мовлаев Қазақстаннан саяси баспана сұрап өтініш берген. Желтоқсанда ол ресейлік белсенді Юлия Емельяновамен бірге тағы да баспана сұраған.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған