Бюджеттік әуе компаниялары тек тұрып тұратын орындармен ұшатын рейстерді іске қоспақ
Фото: Aviointeriors
Бірнеше бюджеттік әуе компаниялары тек тік тұрып саяхаттауға мүмкіндік беретін орындықтарды енгізуді жоспарлап отырғаны хабарланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail-ге сілтеме жасап хабарлайды.
2,8 миллион жазылушысы бар Entrepreneurshipquote Instagram парақшасының мәліметінше, толық отыруды қажет етпейтін, жолаушыларға белгілі бір бұрышпен еңкеюге мүмкіндік беретін велосипед орындығына ұқсас жұмсақ орындықтар 2026 жылдан бастап қолданысқа енгізілуі мүмкін.
Бұл орындыктарды ұсынып отырған Aviointeriors компаниясының айтуынша, жаңа жүйе ұшақтағы жолаушылар санын 20 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Алайда Aviointeriors компаниясы MailOnline басылымының сауалына жауап беруден бас тартты, әрі әзірге бірде-бір әуе компаниясы бұл үнемдеуге бағытталған бастаманы ресми түрде қолдайтынын растаған жоқ.
Тік орналасатын бұл орындықтар Skyrider 2.0 деп аталады және алғаш рет 2018 жылы Гамбургте өткен Aircraft Interiors Expo көрмесінде таныстырылған болатын.
Ат еріне ұқсас бұл “орындық” 2010 жылы жүзеге асырылмақ болған. Осы жолы сәтсіздікке ұшыраған концепцияның жаңартылған әрі жетілдірілген нұсқасы ұсынылып отыр.
Skyrider 2.0 бұрынғы модельге қарағанда жұмсақ төсемдері бар және берік тіреулермен жабдықталған: әр қатардың тіректері тікелей төбе мен еденге бекітіледі, ал бұрын тек рельске орнатылатын.
“Skyrider 2.0 — бұл инновациялық кресло. Ол ұшақ салонында жолаушыларды аса жоғары тығыздықпен орналастыруға мүмкіндік береді. Skyrider 2.0 кең аудиторияға қолжетімді саяхат ұсынумен қатар, бір ұшақ ішінде аралас класты орналастыруға да тиімді кеңістік ашады”, – делінген 2018 жылғы компания мәлімдемесінде.
Негізгі ерекшелігі — жолаушыны тік күйге жақын отырғызуға мүмкіндік беретін ерекше түбі. Бұл орындықтар қатар аралығын қысқарта отырып, жеткілікті жайлылықты сақтауға мүмкіндік береді.
Компанияның айтуынша, мұндай құрылым әуе тасымалдаушыларға жолаушылар санын 20 пайызға арттыруға мүмкіндік береді, ал бұл өз кезегінде әуе компанияларының табысын көбейтеді.
Фото: Aviointeriors
Сонымен қатар, Skyrider 2.0 стандартты эконом-класс орындықтарынан 50 пайызға жеңіл және техникалық қызметке кететін шығындарды азайту үшін құрамдас бөлшектерінің саны азайтылған.
Компания бұл орындықтарды "арзан билеттер мен жолаушы тәжірибесінің жаңа белесі" деп атады.
Ryanair компаниясының бас директоры Майкл О’Лири бұған дейін тік тұрып саяхаттауға арналған орындарды пайдаланғысы келетінін ашық мәлімдеген.
2012 жылы ол Boeing 737 және 800 үлгідегі ұшақтарына 10 қатар тік орын, ал қалған 15 қатарды дәстүрлі орындықтармен жабдықтағысы келетінін айтқан.
Сол кезде О’Лири тік тұрып саяхаттайтын билеттердің бағасы 1–5 фунт стерлинг (1000-3000 теңге) аралығында болуы мүмкін деп болжаған.
Алайда әлеуметтік желі қолданушылары бұл жартылай тік орындарға онша қызығушылық танытпады.
Желі қолданушыларының бірі: "Бұл масқара. Адамдарға адам сияқты қараңыздаршы. Құдай-ау..." — деп ашуланды.
Екіншісі әзілдеп: "Жақында оттегі маскасымен ұшақтың қанатына байлап қоятын шығар", — деп жазды.
Үшіншісі: "Өтінемін, мұндай билеттер сатылып жатқанда ешқашан сатып алмаңыздар! Бұл бастамаға қолдау көрсетпеңіздер", — деп ескертті.
Төртіншісі тіпті ашуға булығып: "Мен кемедегі құлдарға арналған орындарды көргенде бірден танимын. Мен бұған бармаймын", — деп кесіп айтты.

"Бор мен қағазды өзіміз сатып аламыз": Қазақстандық мұғалімдер мектеп басшылығына шағымданды
