"Бюджеттен 62 млрд теңге шығындалады": депутат Пономарёв Қазақстандағы "Болашақ ойындарын" кейінге шегеруді ұсынды
Фото: Ақорда
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв "Болашақ ойындарын" өткізу мерзімін бірнеше жылға кейінге шегеруді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, "Болашақ ойындарын" өткізу республикалық бюджетке шамамен 62 млрд теңгеге түседі. Бұл қаражат еліміздегі балаларға өте қажет алты заманауи мектептің құнына тең.
"Осыны ескере отырып, "Болашақ ойындарын" өткізу мерзімін бірнеше жылға шегеруді тиімді деп санаймыз", – деді Пономарёв премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.
Пономарёвтың пікірінше, 2024 жылғы республикалық бюджеттің 570,8 млрд теңге түсімінен айырылуы және салық түсімдерінің 604,6 млрд теңгеге қысқаруы экономикалық жағдайды күрделендіріп отырғандықтан, осындай қадамды қабылдау қажет.
Депутаттың айтуынша, шараны кейінге шегеру Қазақстанға халықаралық жобаға сапалы дайындалуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, "Болашақ ойындары" IT саласы мен спортты дамытуда, сондай-ақ елдің халықаралық беделін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Сонымен бірге, депутат фиджитал форматындағы беделді жарыстардың Қазақстанда өткізілуі IT саласы мен спортты дамытуға, сондай-ақ еліміздің халықаралық имиджін нығайтуға маңызды ықпал ететінін атап өтті.
Айта кетейік, 2024 жылғы 21 ақпанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қазан қаласына барды, Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесіп, "Болашақ ойындарының" ашылу салтанатына қатысты. Осыдан кейін Қазақстан 2026 жылы өтетін Phygital Games of the Future ресми өткізу орны ретінде таңдалғаны белгілі болды.
"Болашақ ойындары" – жаңа технологиялар мен цифрлық ортаға негізделген халықаралық мультиспорт турнирі. Ол спорт, ғылым және технологияны біріктіріп, 21 инновациялық спорт түрін қамтиды. Бұл жарыстар физикалық және цифрлық спортты – "фиджиталды" (physical + digital) үйлестіреді.
Алғашқы "Болашақ ойындары" 2024 жылғы 21 ақпаннан 3 наурызға дейін Қазанда өткен еді.

"Несиенің пайыздық мөлшерлемесі азаяды": Сарапшы коммерциялық банктер тұрғын үй жинағын енгізсе қандай өзгерістер болатынын айтты
