Бұрынғы вице-министрден тәркіленген Bentley мен Maybach тағы сатылмады
Экс-вице-министр Тимур Тоқтабаевтың ісі бойынша тәркіленген Bentley Bentayga және Mercedes Maybach көліктері аукционда сатылмай жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: e-auction.gosreestr.kz
Қылмыстық іс бойынша тәркіленген жалпы құны 200 миллион теңгеге жуық автокөліктер аукционға қойылды. Мұндағы мақсат – мемлекеттік заңды тұлғалардың балансындағы мүлікті қайтару және біріктіру. Бұл ретте жалғыз қатысушы болса да сауданы жүргізу жоспарланған еді.
Ұсыныс мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңдылықты, құқықтық тәртіпті сақтау, мүлікті тәркілеу бөлігінде қылмыстық іс бойынша сот үкімі негізінде тыйым салынған мүлікті өткізу немесе пайдалану қағидаларында белгіленген өлшемдерге сай, қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдағы мемлекеттік заңды тұлғаларға беруге арналған.
Хабарландыру “Электронды сауда алаңында” жарияланды. Сайтта көлік жалғыз қатысушыға сатылатыны жазылған.
Аукционға қара түсті 2021жылғы Bentley Bentayga V8 шығарылды. Көлік биыл сәуір айында бағаланды. Бағалаушы фирма кроссоверді 104 миллион 316 мың теңгеге бағалады.
Фото: e-auction.gosreestr.kz
Ал 2021 жылы шығарылған ақ түсті Mercedes-Bens Maybach S580 4Matic маркалы автокөліктің нарықтағы құны 79 миллион 839 мың теңге. Айта кетейік, екі көлікте де бұғаттау түріндегі кепіл бар.
Фото: e-auction.gosreestr.kz
Bentley Bentayga автокөлігінің аукционы 2024 жылдың 3 шілдесіне жоспарланған еді. Алайда өтінімдердің болмауына байланысты аукцион өтпеді. Ал Mercedes-Bens Maybach S580 көлігі 5 шілдеде сатылымға шығу керек еді. Ол да өтпейтін болды.
Бұған дейін Тоқтабаевтың бизнес класстағы Maybach көлігі аукционда сатылмай қалғаны туралы жазған едік.
Еске салайық, бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев лауазымын асыра пайдаланып, ауыр зардаптарға әкелгені үшін 7 жылға сотталды.