Бұрынғы судья Светлана Жолмановаға қатысты сот басталды
Алматыда Медеу аудандық сотының бұрынғы судьясы Светлана Жолмановаға қатысты іс бойынша сот жалғасуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ашық дереккөзден
Іс Медеу аудандық №2 сотында, судья Қанат Арыновтың төрағалығымен қаралуда.
Сот отырысында прокурор Раушан Абдулла айыптау актісін оқыды. Тергеу деректеріне сәйкес, 2021 жылдан бастап айыпталушы жылжымайтын мүлік сатып алуға және тендерлік жобаларға қатысуға көмектесемін деген сылтаумен азаматтарды алдап, сенімдеріне кіріп олардың миллиондаған теңгесін иемденген.
“Жолманова жәбірленушілердің бәріне өзінің Жанар есімді құрбысын жиі айтып отырған. Оның айтуынша, бұл әйел сол кездегі Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің жұбайы болған”, – делінген айыптау актісінде.
Тергеу барысында Жолманованың қылмыстық әрекетіне қатысты 48 эпизод анықталған, және олардың барлығы бір іс шеңберінде біріктірілген. Бүгінгі сот отырысында прокурор сол эпизодтардың тек 16-сын ғана оқып үлгерді.
Келесі сот отырыстары 21, 22, 23 және 24 сәуірге белгіленген.
Бұрынғы судья Светлана Жолмановаға аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген айып тағылған.
Еске салсақ, экс-судья Светлана Жоламанова екі айға қамауға алынған еді.