Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұрынғы қаржы вице-министрі төрт жылға бас бостандығынан айырылды

Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының №2 аудандық соты бұрынғы қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

руслан енсебаев

"Сот Руслан Еңсебаевты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігімен қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған осы бап бойынша 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын, жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтей отырып мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, жергілікті өзін-өзі басқаруда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде, оның бөлімшелерінде, қаржы нарығы мен қаржы ұйымын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда және ұйымдар мен квазимемлекеттік секторларда өмір бойы лауазым атқару құқығынан айырды", – деп мәлімдеді №2 аудандық сотының судьясы Бақытжан Есенов сот отырысында.

Сот Еңсебаевты сот залында қамауға алуды және бұрынғы шенеуніктің кепілін кепіл берушіге қайтаруды ұйғарды. 



"Кепіл кепіл берушіге қайтарылсын. Жазаның орындалуы үкім заңды күшіне енген күннен басталсын. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 62-бабының 3-бөлігінің 2-тармағына сәйкес бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның мерзімі 2021 жылдың 23 қыркүйегінен бастап үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда ұстау уақытымен есептелсін", – деп қосты судья.

Сотта түсіндіргендей, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының №2 аудандық соты Еңсебаев Р.С., Ескендіров А.А., Байбосынов Ж.У., Бұхарбай Д.Е.-ге қатысты айыптау үкімін шығарды. Сот Еңсебаев Қаржы министрлігінің цифрландыру жобаларын ақпараттық қолдау қызметтерін сатып алу жөніндегі тендерде "Аль-Фараби Партнерс" ЖШС ұтып алғаны үшін Байбосынов пен Бұхарбайдан 1,2 миллион теңге көлемінде пара алғанын анықтады.

Сот сонымен қатар айыпталушыларға қандай жаза қолданылатынын түсіндірді. Пара алғаны үшін (Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 2-бөлігі) 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Сот анттың бұзылуын жазаны ауырлататын жағдай деп танып, Еңсебаев пен Ескендіровке 4 жыл мерзімге нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды әділ деп тапты. 

Сот Байбосыновтың кәмелетке толмаған балалары барын жазаны жеңілдететін факт деп таныды. Осыны ескере отырып, Байбосынов пен Бұхарбайға заңмен белгіленген ең төменгі 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушылар үкім жарияланғаннан кейін қамауға алынды. Олардың барлығы мемлекеттік қызметте жұмыс атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Талқылау