Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ауруханадан шықты
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ауруханадан шығарылды және амбулаториялық емдеу жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы вице-министр онлайн брифинг барысында айтып берді. Оның сөзінше, Біртановтың жағдайы жақсарған.
"Денсаулық жағдайының жақсаруына байланысты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жұқпалы аурулар ауруханасынан шығарылып, амбулаториялық емдеуге жіберілді", - деді Ажар Гиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі.
Елжан Біртановтың 14 маусымда Жамбыл облысына жасаған сапарынан кейін коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Онымен байланысқаннан кейін премьер-министр Асқар Мамин және Министрлер Кабинетінің бірнеше мүшелері оқшаулануға кетті. Олардың барлығы сау және жұмысқа қайта оралды.
Кейін, 25 маусымда 48 жастағы Елжан Біртанов денсаулығына байланысты Денсаулық сақтау министрі қызметінен кету туралы өтініш берді.
Ол Денсаулық сақтау министрлігін 2017 жылдың қаңтарынан бастап басқарды, бұған дейін 2015 жылдан бастап денсаулық сақтау вице-министрі болған.