Бұрынғы әйелін соққыға жығып, мүгедек қылған ер адам қоныс-колонияға ауыстырылған
Фото: instagram.com/advokatzhanna
Бұрынғы әйелін соққыға жығып, мүгедек қылған ер адам қоныс-колонияға ауыстырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақмола облысының Зеренді аудандық сотының шешімімен бұрынғы әйелі Алтынай Нұрсұлтанованың денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін сотталған Әсет Аюпов қоныс-колонияға ауыстырылды. Бұл туралы адвокат Жанна Уразбахова Instagram парақшасында мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, сот отырысы жәбірленушінің қатысуынсыз өткен.
"Судья Каримова сот процесін біздің хабарымызсыз, жасырын түрде өткізді. Өз күйеуінің қатыгездігінен мүгедек болып қалған жәбірленушіні сотқа шақырмады. Алтынай бұл туралы тек кездейсоқ біліп қалған. Сөйтсек, сот актісі 25 қыркүйегінде шығарылған болып шықты", – деп жазды Уразбахова.
Адвокаттың мәліметінше, мұндай колонияларда сотталушы күндіз бостандықта жүріп, ал колонияға тек түнде ұйықтауға ғана келетін көрінеді.
Адвокаттың айтуынша, бұған дейін, 23 шілдеде, дәл осы судья жазаны жеңілдету туралы өтінішті "жеткілікті түзелмеу" және "абақты талаптарын бірнеше рет бұзу" себептерімен қанағаттандырмаған. Уразбахованың сөзінше, іс материалдарында 18-ден астам тәртіп бұзушылық көрсетілген.
Ал қыркүйектегі сот актісінде "жазаның мақсаты орындалғаны" және "жәбірленушіге келтірілген залалдың өтелгені" жазылған. Алайда адвокаттың айтуынша, Алтынай Нұрсұлтанованың шамамен 9 миллион теңге болатын медициналық шығындары өтелмеген.
"Онда не өзгерді? Шілдеден қыркүйекке дейінгі екі айдың ішінде қандай өзгеріс болды, судья Каримова неге кенеттен оны қоныс-колонияға ауыстыруға болады деп шешті?”, – дейді адвокат.
Уразбахованың айтуынша, сот шешім шығару кезінде жәбірленушінің пікірі де сұралмаған.
"Енді Алтынай онымен кез келген уақытта көшеде кездесіп қалуы мүмкін. Мен ашу-ызадан дірілдеп отырмын. Бұл қалай болғаны? Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту туралы жыл сайын айтып жүрген Президенттің тапсырмаларын судьялар елемей отыр ма?", – деп жазды адвокат.
Алтынайдың қорғаушылары сотталушыны қоныс-колонияға ауыстыру туралы шешімге шағым түсірмек.
"25 қараша күні, апелляциялық шағым беру мерзімін қайта қалпына келтіру бойынша сот отырысы өтеді", – деді Уразбахова.
Сондай-ақ адвокат Жоғарғы сотқа жүгініп, жәбірленуші тарапты осы өтінішті қарау жөнінде не себепті хабардар етпегенін түсіндіруді сұрады.
Еске салсақ, бұған дейін Алтынайды ұрып, мүгедек қылғаны үшін сотталған бұрынғы күйеуі өтемақы төлеуден бас тартып отырғаны туралы жазған едік.
"16 жерінен пышақтап, сойып тастаған": Алматы облысында әкесі 15 жастағы қызын қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінді