Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұрын қытайша білім алғаны үшін": Алматы облысында 10-сынып оқушысын мектепке қабылдамай қойған

Алматы облысы Талғар ауданына Қытайдан жаңадан көшіп келген отбасы 10 сынып оқитын ұлын мектепке орналастыра алмай әлек. Нұргүл Мүтәннің сөзінше, өңірдегі мектеп директоры жоғары сынып оқитын баласын мектепке үзілді-кесілді қабылдаудан бас тартқан. Бұған себеп - оқушының қабылдау сынағынан төмен баға алуы. Мұнымен қатар, жасөспірім бұған дейін тек қытай тілінде білім алып келгені де қиындық туғызуда. Қазақ, қытай тілін жетік меңгерген шәкірттің білім алу құқығын шектеген кім? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасының "Дау-дамайсыз" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

оқушы

"Біз Қытайдан келген отбасымыз. Бұған дейін  балаларым Думан ықшам ауданындағы мектепте оқыған. Ал енді Талғар ауданындағы жергілікті мектеп емтиханнан тек бес деген баға алса ғана қабылдаймыз деп айтып жатыр", - дейді оқушының анасы Нұргүл Мүтән. 

Мектеп директорының алдына бірнеше барып, мектепке орналаса алмаған Ақжан мен оның анасының үміті үзіліпті. Әйелдің айтуынша, басқа мектепке берейін десе, олар үйлерінен алыс. Ал оған күнделікті жол ақысына ақша тауып беретіндей отбасының қауқары жоқ. Ең қызығы, қабылдамай отырған мектеп - жекеменшік емес, мемлекет меншігінде. 

№7 А. Байтұрсынов атындағы лицейдің директоры Нұржан Оралханова оқушыны қабылдамағанын мойындап отыр. Айтуынша, бала екі рет қабылдау емтиханынан өте алмай қалған.

директорЛицей директоры Нұржан Оралханова

"Арнайы білім туралы заңда көрсетілгендей біздің мектепке оқушылар тестілеуден өтіп барып қабылданады. Оқушы екі рет тест тапсырды, екеуінен де сүрінді. Бұдан бөлек бұл ата-ананың екінші баласын мектепке қабылдадық", - дейді оқу мекемесінің басшысы. 

Бұған қоса ол жоғарғы сынып оқушысын осы аймақтағы жақын орналасқан мектепке беруді ұсынғанын айтады. Алайда Нұргүл Мүтән бұған екі бала бір мектепте оқыса игі болар еді, себебі үлкені кішісіне бас-көз болады деп ойлағанын жасырмады. 

Заңгер Роза Садуақасова мектепке үш себепке қабылдамауға байланысты болатынын жеткізді. 

"Біріншіден, егер құжаттары дұрыс емес немесе жалған болса. Екіншіден, құжаттардың қабылдау стандарттарына сәйкес келмеуі. Және үшіншіден, сыныптағы оқушы санының көп болуына байланысты. Алайда мектеп директорының айтып отырғаны негізсіз", - дейді заңгер. 

Мұны естіген директор енді басқаша сөйлей бастайды. Сөзінше, қазір мектепке келетін оқушылардың қарасы көбейген. Олар мектеп орналасқан ауданның тұрғындары болғандықтан заң жүзінде балалрды мектепке қабылдаудан бас тарта алмаймыз, дейді директор. 

Ақыры КТК арнасының көмегіне жүгінген ата-ананың бетін қайтара алмайтынын түсінген лицей директоры Нүргүл Мүтәннан арыз қабылдап, оқушының мектепте оқуына рұқсат береді. Алдағы уақытта ол жасөспірім 100% оқулықпен қамтамасыз етіледі деп те уәде етті. 

Қазіргі таңда Ақжан Тұрарұлы айтылған мектепте қашықтан білім алуда. 

 

Талқылау