Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да әлеуметтік сала мамандары марапатталды

Қазақ елі  қазан айының соңғы жексенбі күні әлеуметтік сала қызметкерлерінің  төл мерекесін атап өтеді. Бұл өзге жанның ауыртпалығын арқалап, оны шешуге бар күш жігерін жұмсайтын абзал да мейірімді  жандардың мерекесі. Әлеуметтік жұмыс – ол әрбір адамның өміріне қатысты ең маңызды мәселелерді шешетін сала болып табылады. Биыл да Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен, осы саланың үздіктері марапатталды.

Марапаттау кешіне облыс әкімінің орынбасары Б. Нарымбетов қатысып, әлеуметтік қызметкерлерді төл мерекесімен құттықтады.

"Бұл саланы таңдаудың өзі қажымас қайрат пен қайсарлықты талап етеді. Өйткені сіздер құрметті зейнеткерлерімізге, мүгедектігі бар қамкөңіл жандарға, өмірлік қиын жағдайдағы азаматтарға күнделікті көмек беріп, олардың қоғамның толыққанды мүшесі болып, өмірге белсенді араласуына асқан жауапкершілікпен, кең жүректеріңізбен қалтқысыз қызмет етесіздер.

Бүгінгі таңда облысымыздың әлеуметтік  қорғау саласында 3 мыңға жуық адам еңбек етіп, тер төгіп келеді. Биылғы жылдың маңызды оқиғаларының бірі – "Әлеуметтік кодексті" енгізу болып табылады. Әлеуметтік кодекс - азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, мемлекеттік әлеуметтік қызметтер көрсетудің атаулылығына, азаматтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге, халықтың әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталған.
Жаңа әлеуметтік саясат Мемлекет басшысы жариялаған ауқымды өзгерістердің маңызды қыры саналады. Оның мақсаты – әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту ісінің негізін қалыптастыру.

Кодекстің бірінші жаңалығы – Отбасының цифрлық картасының енгізілуі. 
Мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізіледі. Қазіргі таңда Отбасының цифрлық картасы арқылы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша проактивті тағайындау жүргізіліп, бүгінгі күнге облыс бойынша 10 мыңға жуық азаматқа тағайындалды.

Бүгінгі таңда мемлекет басшысының берген тапсырмаларына сәйкес көптеген шаралар қабылданып, оның ішінде бір қатары жұмыспен қамту мәселесіне қатысты жүзеге асырылуда.
Осыған орай, "2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту" жөніндегі ұлттық жобасы аясында ағымдағы жылы 23 мыңнан астам жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шараларымен қамтылып отыр.

Сонымен қатар, өз кәсібін ашқысы келген халықтың әлеуметтік осал топтарына 465 адамға қайтарымсыз гранттар берілді. Бұл да азаматтарға өз кәсіптерін бастап табысқа қол жеткізуге мол мүмкіндік туғызуда. Бұдан басқа, 21-35 жас аралығындағы азаматтарға, жастардың бастамаларын мемлекеттік қолдау мақсатында жеңілдетілген ұзақ мерзімді 2,5%-дық микрокредит 261 жасқа берілді. Құрметті, әлеуметтік саланың ардақты мамандары - баршаңызға облысымыздағы әлеуметтік салаға қосып жүрген күнделікті елеулі еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін! Отбасыларыңызға амандық, ел игілігі жолында атқарып жүрген еңбектеріңізге жеміс тілеймін!", - деп облыс әкімінің орынбасары осы қиын да күрделі саланың мамандарына ыстық ілтипатын білдірді.

Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Шапағат арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Садбеков Кемел Ермекович пен Шыңғырлау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Вагапова Светлана Дагиевна Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің атынан "Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі" төсбелгiсiмен марапатталды. 

Сонымен қатар, салтанатты кеште ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Құрмет грамотасы", Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің алғыс хаты, облыс әкімінің алғыс хаты, облыс әкімі орынбасарының алғыс хаты, Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының алғыс хаттры және Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағы атынан алғыс хаттар табысталды.

Талқылау