Бұның бәріне ақпарат министрлігі кінәлі: Айгүл Елшібаева сахнадағы сауатсыз әншілер жайлы
Айгүл Елшібаева жас әншілер мен мағынасыз әндерді көрсетуға жол берген ақпарат министрлігін сынға алды. Елшібаева әншілердің сауатсыздығына мәдениет министрлігі емес, ақпарат министрлігі жауапты деді.
“Біз оқырмандар мен көрермендер, барлық адамның иманы ұялатын істердің бәрін, мәдениет министрлігі не істеп отыр деп айқай саламыз. Телеарна насихатының барлығы ақпарат министрлігінің қолында екенін біреу білсе, біреу білмес.
Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан деп, өнердегі телеарна насихатындағы мәселелерді мәдениет министрлігіне жолдап жүрсек, министрлігімізді шатастырып жүр екенбіз.
Телеарна, радио насихатының барлығы ақпарат министрлігіне жатады екен. Батыр – білгенін, көтек – көргенін істейді деген. Кешегі көтектер көргенін істегенге кім кінәлі? Маған кешеден бері сахнада туды ұстап боқтап жатқандарды, неге сіз айтпайсыз, деп дікеңдегендерге айтарым. Мен үкімет басында отырған биліктегі адам емеспін. Қазақ болып туған соң, ұлттық өнерді ұстап жүрген қазақтың қызы ретінде ұсынысымды, азаматтық борышым деп білемін”, – деді Елшібаева.
Дәстүрлі әншінің айтуынша, қазіргі жас әншілерді сүзгіден өткізіп жатқан ешкім жоқ. Керісінше оларды көкке көтеріп, әділқазы алқаларына қоятыны қынжылтады.
“Ұлттық дәстүрді насихаттауда жыраулық сөз өнерін, мағыналы тәрбие берейік деп, терме хабарын ашайық дегенге жиырма жыл толды. Теларнаңда сөздің қадірін түсіндіретін, жыраулық өнеріңді бермесе, рухыңды шыңдайтын бағдарлама болмағанның кесірі бұл. Жас өркен аузына келгенін айтады. Насихатта ешқандай сүзгі болмаса, идеологияңда тіл, салт-дәстүр, тарих, діни таным-түсінік туралы насихат пен тыйым болмаса, сахна бейпіл сөзге толмай қайтеді? Боғауыз айтқандарға стадион жинап беріп, насихаттасаң, дүрмек, әрине, көргенін істейді.
- Айгүл Елшібаева: Ұшақта шу болған жағдайдан кейін Құралайдың, Бағдагүл сынықшының нөкерлері жабылып кетті
- “Жезөкшеден айырмашылықтарың не?”: Айгүл Елшібаева хиджабтағы сексолог мамандарды сынға алды
Ел басқарған азаматтар ұлттық идеология – ол қазақтың дәстүрлі өнерінен сусындайды. Жыраулық өнер - ол идеологияның тәрбиелеуші құралы. Жыраулық өнер-тарихың, шежірең, тәрбие-білім, салт-дәстүрі, діни-таным түсінік екенін қақсағалы, жиырма жылдан асты”, – деп жазды әнші.
Елшібаев үкімет басындағы шенділерге үндеу жолдады. Телеарна, радио, концерттік бағдарламаларға тексеріс жасап, ән мен сөзді түзеуге шақырады.
“Ендеше, үкіметтің басындағы мәдениетке жанашыр ағалар! Музыкаға, өнерге қатысты, насихаттың, концертік бағларламалардың, телеарна-радио, интернеттегі музыка насихаттының барлығын мәдениет министрлігінің құзырына беріп, мәдениет министрлігінің сүзгісінен өтпегендерді насихаттауды доғару қажет. Ол үшін мәдениетке қатысты заңнамаларға ұлттық өнерді насихаттауға басымдық берсе, сөз де, ән де түзелер еді”, – деп жазды Елшібаева.
Өнердегі әріптестері Қарақат Әбілдина, Алтынай Жорабаева, Сара Тоқтамысова қолдау білдіріп, үн қосты.
“Өте дұрыс, айттың. Айгүл, болашақ үшін, халық азғындалмас үшін шыныңды, айтып жүрсің!”, “Терме хабарды Айгүл қыз өзің басқар, қазақтың сендей батыр, батыл, аузы дуалы, ұлттық өнер деп шырылдап жүрген сен лайықтысың. Сахна киелі орын. Мәдениетке жаны ашитын қазақы басшы керек. Ақпарат министрі болыңыз. Біз қолдаймыз”, “Сізге ақпарат министрі болу керек. Бәрінің аузын жабар едіңіз”, “Хас сұлусыз ғой, Айеке, тыңдамай тұрып сондай ой келді”, “Есі дұрыс бар қазақтың ойын жеткізгенің үшін рахмет, Айгүл! “, “Дұрыс. Жемқорлардан тазарайық деген сияқты сахнадағы ,,шайтандардан" тазаратын уақыт жетті. Қазіргі жастарымыз не көріп не тыңдап жүр деген қорқыныш бар”, – деп жазды олар.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
