Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұндай көзбояушылықтың не керегі бар?": Жамбылда аудан әкімі өз қолымен ашып берген ауызсу бір күннен кейін тоқтап қалды

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Ботамойнақ ауылында елорда мерекесі қарсаңында ауызсу берілген. Бірақ тұрғындардың қуанышы көпке созылмады. Өйткені, тіршілік нәрі аудан әкімі қатысқан шараның ертесіне тоқтап қалды. Қазір ауыл халқы бұрыңғы күйіне қайта түсіп, құдықтан су ішіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

5-шілде күні аудан әкімдігі бастаған басшылар Ботамойнақ ауылына ауызсу берілгенін ресми жариялаған. Алайда сол күннің ертесіне су тоқтап қалды. Ашуға булаққан ауылдықтар биліктің бұл әрекетін көзбояушылық деп отыр.

“Кімге керек бұны ашылды деп елді жинағаны? Сол күні ағызды да, ертесіне су жоқ. Бұндай көзбояушылықтың не керегі бар? Қаншама ақша бөлінді. Ұят қайда?”, - деді Ботамойнақ ауылының тұрғыны Даниял Нұрбол.

“Қазір ауыл бойынша су жоқ. Құдықтан ішіп отырмыз. Ал құдықтың суы жақсы емес. Ішкен кезде сасық иіс келеді”, - деді Ботамойнақ ауылының тұрғыны Айсан Лақбаева.

Ал тек бір күн ғана берілген ауызсуды қосалқы мердігер өшіріп тастағанын айтты. Өйткені, орындаған жұмысының ақысын 7 айдан бері алмаған. Сөзінше, оған бас мердігер 41 млн теңге қарыз. Бірақ күні бүгінге дейін бір тиын да бермепті. Аудан әкімдігінің ашылу салтанатын ресми жариялағанын кәсіпкер де түсінбей дал. Себебі, нысанды құжат жүзінде әлі қабылдап алмаған.

“Екі әкімнің орынбасары, ЖКХ- бастығы, ауыл әкімі, «Байзақ су» мекемесінің бастығы келді. Мен оларға ашуға әлі дайын емес екенімді айттым. Олар болса 5-ші шілде күні қалай болса да ашуымыз керек деді. Сөйтіп екі күннің ішінде мына жердің шөбін орып, тазалап бердік. Менің суды тоқтатып тастауыма толық хақым бар, халық қайда барса да. Өйткені, мен әлі ақшамды алған жоқпын», - деді «РЕГИОН СЕРВИС» ЖШС директоры Бекбол Көшім.

Ал аудан әкімдігі 375 млн теңгенің жобасы 95 пайызы аяқталып қойғанын айтады. Алайда соған қарамастан бас мердігерге қаржының 92 пайызын берген.

“Астананың 25 жылдығына мына жерге халықты жинап ашсақ, оның не көзбояушылығы бар? Біз халыққа су бердік. Өйткені олардың сұранысы сол болып жатыр. Қазір мердігердің жұмысымен толықтай танысып шықтым. Ешқандай кемшілік көріп тұрған жоқпын. Құжатын алып келсін. Мен қабылдап аламын. Қалған 24 млн теңге ақша менде тұр қазір”, - деді Байзақ ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Жарқынбек Амангелдіұлы.

Ал бас мердігер “СпецКоммунСтрой” ЖШС жауап жоқ. Сондықтан байланысуға мүмкіндік болмады. Қазір қос мердігер қаржылай мәселеге байланысты ортақ бір мәмлеге келмейінше халық дайын тұрған ауызсудың игілігін көре алар емес.

Шерхан Абзалұлы

Талқылау