Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл – жастарға өте жақсы қолдау": жеңілдетілген микрокредит алған көкшетаулық жас кәсіпкер жиһаз цехын ашты

Ақмола облысы Көкшетау қаласының 33 жастағы тұрғыны Аймарал Болысбек елімізде жастарға арналған жеңілдетілген шарттары бар микрокредитті сәтті пайданалып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің бірі. 

Көкшетаулық кәсіпкер жастарға арналған 5 млн теңгеге дейінгі жеңілдетілген микрокредитті шағын жиһаз цехын ашу үшін алған. Бүгінде жұбайы Қанат Болысбекпен бірге цехқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, корпустық балалар жиһазын жасап шығаруды жолға қойды.

Аймарал 2,5 пайыздық микрокредиттің берілетіні туралы алғаш интернеттен оқып білген.
Осы хабарды біле сала ол кеңес алу үшін Көкшетау қаласындағы "Аграрлық несие корпорациясының" филиалына барғанын айтады. 

"Бірден менеджерден кеңес алдым. Ол жерде маған бәрін толықтай түсіндірді, қандай құжат жинау керегін айтып, тізімін берді. Содан кейін құжат жинауды бастадым. Тізімде мен үшін жаңа нәрсе - бизнес жоспар жазу еді. Интернеттен қарадым. Одан кейін "Аграрлық несие корпорациясы" шаблонын берді, соны негізге ала отырып, бизнес жоспарды өзім жазып шықтым", - дейді Аймарал Болысбек. 

Жас кәсіпкер Көкшетау қаласында жастарға арналған жеңілдетілген шарттары бар микрокредитке ең алғаш құжат тапсырғандардың бірі болды. 

Оның айтуынша, микрокредит алуда ең бастысы өзің ойға алған істі соңына жеткізуге деген сенім мықты болуы керек. Аймарал цех ашпай тұрып, жиһаз алып-сатумен айналысқан. Бизнес жоспарды жазуда осы білімі көп септігін тигізген. 

"Қала бойынша құжаттарды бірінші болып тапсырғандардың қатарында болдым. Біздің өтінімді белгілі бір топ жиналған соң, облыстық жұмыспен қамту орталығы  құрамдастырған үкіметтік комиссия қарады. Комиссия алдында өзіміздің бизнес жобамызды қорғап шығу керек болды. Мен үшін қиын болған жоқ, өйткені жиһаз саласында жұмыс істеп жатқаныма үш-төрт жыл болған. Негізі бұған дейін дайын жиһаз сатумен айналысқанмын", - дейді жас кәсіпкер. 

Нақтырақ айтқанда Аймарал Болысбек балалар ойын жиһазы, корпустық жиһаз жасау бағытында еңбек етуді мақсат етіп отыр. Өйткені, айтуынша, Көкшетау өңірінде дайын жиһаз нарығында балаларға арналған жиһаз, ойын жиһазын табу қиын. Ол мәселемен ерлі-зайыпты кәсіпкер жұп өздері бетпе-бет келген.

"Қызымыздың туған күніне балаларға арналған шкаф іздеп, таппадық. Базарда Қытайда шығарылған пластик жиһаздар болды, оның бағасы 50-60 мың шамасында екен. Көңілімізден шықпады. Сосын жұбайым қолынан келетін болғандықтан, қажетті материал сатып алып, жиһаз дизайынын сызып, кестіріп алды, сосын өзі құрастырып, әсемдеп, жасап шықты. Ол жиһаз бізге 20 мың теңгеге айналды. Кейін осындай жиһаз жасап неге сатпасқа деген ой туындады. Көкшетауда мұндай жиһаздар сұранысқа ие", - дейді ол.

Аймаралдың сөзінше, бұл кәсіп өз-өзін ақтайды. Себебі ата-ана баласы үшін аянбайды. Екіншіден, цехтан шыққан жиһаздар таза ағаштан жасалады. Үшіншіден, оны тек жекелеген тұтынушыларға ғана емес, балабақшаларға ұсынуға болады. 

Кәсіпкер өз өнімін кімге, қалай ұсынатынын бүге-шігесіне дейін өз бизнес жоспарына жазған. Оның үстіне Аймарал әлеуметтік желі арқылы сатуды жолға қойған. 

"Мен әлеуметтік желі арқылы жарнама жасап, цехқа тапсырыс қабылдап, тұтынушылармен жұмыс істеймін, оларға жиһаздың дизайнын жасауға көмектесемін. Әрі қарай тапсырысты цехқа өткіземін", - дейді ол.

Осы тұста көкшетаулық кәсіпкер жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген 5 млн теңге көлеміндегі микрокредитті нақты қалай жұмсағанын айтып берді. 

"Оның 3 млн теңгесіне цехтың негізгі құрал-жабдықтары алынды. Ең негізгі жабдық - фрезерлік және гравюралық станок, ағаш кесетін станок, қалғаны жиһаз саласына қажетті ұсақ-түйек құрал-жабдық пен шикізатқа кетті. Шикізатты Астана, Алматы қалаларынан алдырдым", - дейді кәсіпкер.

Аймарал бастапқыда микрокредит рәсімдеу қиын көрінгенін жасырмайды. Айтуынша, ол осындай жобаға алғаш рет қатысқан. Кәсіпкерді микрокредиттің шарттары қатты қызықтырған. 

"2,5 пайызбен берілетіндігі ұнады. Құжаттарды жинау қиын болған жоқ. Микрокредит жеке кәсіпкерліктің шотына аударылып, масқатына қарай қолданылғаны қадағаланды", - дейді ол. 

Кәсіпкердің болашаққа жоспары көп. Балаларға ыңғайластырылған кітап сөресі, ойыншық жинап қоюға арналған шкафтар, шағын балалар жиһазының жиынтығын жасап шығару ойға алынған.

"Болашақта цехты дамытып, әрі қарай сауда көлемін үлкейту, кәсіби, тәжірибелі жұмысшы алу жоспарымызда тұр. Ақырындап айналымын ұлғайта береміз. Жиһазымызға әрдайым сұраныс бар. Кейбір адам жиһазды кім ала береді деп жаңсақ ойлауы мүмкін. Ойланбай, еңбек ету керек.

Тұтынушы сатып жатқан тауарыңыз сапалы екенін білсе, сатудың жолдары көп", - дейді кәсіпкер.

Көкшетаулық кәсіпкер жеңілдетілген шарттары бар микрокредиттің артықшылықтарын атап өтіп, осы мүмкіндікті жастарға пайдалануға кеңес берді. 

"Бұл микрокредит жастарға өте жақсы қолдау деп ойлаймын. Өйткені басқа банктерден несие алу - кәсібін енді бастаған жандарға тиімсіз. Сіз айналымға еркін шыққанша, оның пайызын жабу қиынға түседі, оның үстіне төлемі ай сайын. Ал бұл жерде бір жақсысы - бастапқыда каникул беріледі. Мен алты ай каникул алдым. Одан кейінгі төлемі әр үш ай сайын", - дейді ол.

Болысбек отбасы әзірге цех орналасқан ғимаратты жалға алып отыр, олардың ендігі арманы цех тұрғызып алу.