"Бұл жақсы белгі": Зеленский Путиннің шартсыз келісім жүргізу туралы ұсынысына жауап берді
Фото: RFE / RL
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путиннің ешқандай алдын ала шартсыз тікелей келіссөздер бастау ұсынысына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Ресейліктер соғысты аяқтау туралы ақыры ойлана бастағаны – бұл жақсы белгі. Бұны әлем көптен күтіп келеді. Кез келген соғысты шынымен аяқтаудың ең бірінші қадамы – атысты тоқтату. Бір күнге болса да адам өлтіруді жалғастырудың мағынасы жоқ. Біз Ресейдің атысты толық, ұзақ мерзімді және сенімді тоқтатуды ертең, 12 мамырдан бастап растайды деген ойдамыз. Украина кездесуге дайын", – деп жазды Зеленский Telegram-арнасында.
11 мамыр түні Владимир Путин 7-10 мамыр аралығындағы жұмыс қорытындысы бойынша БАҚ-қа жасаған мәлімдемесінде Украинамен ешқандай алдын ала шартсыз тікелей келіссөздер бастау туралы ұсыныс жасады.
"Біз атысты тоқтату жөнінде бірнеше рет қадамдар ұсындық. Украина жағымен диалогтан ешқашан бас тартқан емеспіз. Тағы да еске саламын. 2022 жылы келіссөздерді үзген біз емес, Украина тарапы болды. Осыған байланысты не болса да, Киев билігіне 2022 жылдың соңында үзілген келіссөздерді қайта бастауға, тікелей келіссөздерге оралуға ұсыныс жасаймыз. Айта кетейін, ешқандай алдын ала шарттарсыз", – деді Ресей президенті.
Путин мәлімдемесінен кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Ердоған Түркияның Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерді ұйымдастыруға қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
Ол Путиннің Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздерді Ыстамбұлда қайта бастау туралы мәлімдемесін қанағаттанушылықпен қабылдағанын айтты. Сонымен қатар Түркия мұндай келіссөздерді ұйымдастыруға дайын екенін және бұл процестің ұзақ мерзімді шешімге әкелуін қалайтынын жеткізді.
Сұхбат барысында тараптар Түркия мен Ресей арасындағы екіжақты қатынастарды, өңірлік және жаһандық мәселелерді талқылады.
Бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макронмен әңгіме барысында Ердоған Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату жолында тарихи бетбұрыс сәті туғанын және бұл мүмкіндікті пайдалану қажет екенін айтқан еді.
"Түркия атысты тоқтату мен тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін, соның ішінде келіссөздер ұйымдастыруды қоса алғанда, кез келген үлес қосуға дайын", – деді Түркия президенті.
Еске салайық, бұған дейін редакциямыз әлемнің жетекші ақпарат құралдарының Ресей президенті Владимир Путиннің келіссөздерге қатысты мәлімдемесіне берген бағасын жинақтады. Мәлімдеме халықаралық медиада үлкен резонанс тудырды. NBC арнасының пайымдауынша, Путин қолданған тұжырымдар оның "ұзақ мерзімді салдары болатын, соның ішінде тұрақты бейбітшілікке бағытталған маңызды келіссөздер жүргізуге ниеті бар екенін" көрсетеді. The Guardian басылымы Ресей басшысының үндеуін "еуропалық көшбасшылардың 30 күндік бітім туралы ультиматумына Ресейдің жауабы" ретінде сипаттады.

“Партизан болған, 400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған”: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары кімдер
