Мемлекет МӘМС бойынша 500 миллиард теңге төлемеді – Аймағамбетов
Депутат Асхат Аймағамбетов қаржы министрлігін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін уақытында дұрыс төлемейді деп айыптады. Айтуынша, жай азаматтар мен жұмыс берушілер жарнаны уақытылы төлемесе, жүйеден шығарылады. Ал қаржы министрлігі төлемесе ешқандай шара қолданылмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Депутаттың айтуынша, МӘМС жүйесінде әрбір азамат ай сайын жалақысынан 2% жарна, жұмыс беруші әр қызметкері үшін қосымша 3% жарна аударады.
“Бұдан бөлек, 15 санаттағы азаматтар бар: зейнеткерлер, балалар, студенттер және тағы басқалар. Олар үшін жарнаны мемлекет төлеуге тиіс. Заң бойынша, ол орташа жалақының 2%-ы көлемінде. Ал іс жүзінде не болып жатыр? Қаржы министрлігі жарнаны орташа емес, медиандық жалақыдан есептейді. Бұл — заң бұзушылық.
Орта есеппен жүйе жыл сайын 250 миллиард теңге жоғалтады. 2024 жылы тіпті осы азайтылған жарнаның жартысы ғана төленген. Соның салдарынан денсаулық сақтау жүйесі 2024 жылы 500 миллиард теңгеден астам қаражаттан қағылды”, – деді Аймағамбетов.
Депутат қарапайым азаматтар мен жұмыс берушілер жарнаны уақытылы төлемесе, бірден жүйеден шығарылып, медициналық көмек тоқтайтынын алға тартты. Алайда қаржы министрлігі қанша төлемесе де, еш шара қолданылмайды екен.
“Бұл жай ғана сан емес. Осы қаражаттың түспеуіне байланысты: емханалардағы ұзын-сонар кезек болып, анализдер мен дәрі-дәрмек қолжетімсіз болды және мыңдаған адам уақытында көмек ала алмай отыр.
Сонда қалай болады? Азамат төлемесе, жүйеден шығарылады. Ал қаржы министрлігі төлемесе, ештеңе болмайды. Заң бәріне ортақ болуы керек”, – деп қорытты ол.