Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл – үлкен қолдау": Қазақстанда оқу бітіре сала жақсы жұмысқа қалай тұруға болады

Енді ғана оқу бітірген жас маман үшін өз орнын тауып, мамандығы бойынша жұмысқа тұру – оңай шаруа емес. Тәжірибесі жоқ әрі еңбек нарығын білмейтін университет түлектері көп жағдайда жұмыс таппай сенделеді. Десе де бүгінгі кейіпкерлеріміз Алтынай мен Мадина оқуды тәмамдаған соң жұмыс табудың жеңіл жолын тауыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Жастар практикасы" жобасы арқылы қос бойжеткен арманындағы жұмысқа қол жеткізіп, бүгінде екеуі де білікті маман атанып үлгерген. 

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының тұрғыны Алтынай Мұратбекқызы 23 жаста. Бүгінде "ҚазТрансгаз Аймақ" АҚ-ның ШҚО филиалында өндіріс инженері болып еңбек етіп жатыр. Бұл –  кейіпкеріміздің алғашқы жұмыс орны. Дегенмен оған қол жеткізу үшін тер төгуге, ізденуге тура келді, деп мойындайды кейіпкеріміз.

"Жастайымнан білімге құштар болып өстім. Мектепті үздік аяқтап, облыс әкімі Даниал Ахметовтың грантын жеңіп алып, Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің Жылу энергетикасы инженері мамандығына грантқа оқуға түстім. Оқу орнын 2021 жылы бітірдім және дәл сол жылы ана атандым", - дейді ол.

Декреттен шыққан соң, 2022 жылы жас ана алған біліміне сай маман иесі атанғысы келетінін түсінеді. Сондықтан сәбиін балабақшаға беріп, өзі дереу жұмыс іздей бастаған. Жұмыс іздеп, біраз уақытын сарп еткен ол бірде өзі қатарлы жастардан  "Жастар практикасы" жобасы туралы естіп, оған қатысу үшін құжаттарын түгендепті. Осылайша жоба аясында өңірдегі "ҚазТрансГаз Аймақ" филиалына тағылымдамадан өтуге алынған. Ал келісімшарт мерзімі аяқталған соң, бірден аталған компанияға тұрақты түрде жұмысқа қабылданыпты.

"Бастапқыда келісімшарт негізінде 71 800 теңге көлемінде жалақы алатынмын, артынша 91 мыңға көтерілді. Тұрақты жұмысқа орналасқаннан кейін қазіргі жалақым 200 мыңның үстінде. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе. "Жастар практикасы" болмаса, жұмысқа бұлай тез алынуым екіталай еді. Бар білімімді, тәжірибемді жұмысыма арнап жүрмін. Ешкімге салмақ салмай, біліміме сай жұмысқа тұрғаныма өте қуаныштымын. Шыны керек, бұл - жақсы мүмкіндік, үлкен қолдау ғой. Жастар – қозғаушы күш, сәл демеп жіберсе, бұл жақсылықты еш уақытта ұмытпаймыз", - деп әсерін бөлісті Алтынай. 

"Жастар практикасы" арқылы алғашқы жұмыс орнына еш қиындықсыз алынған тағы бір кейіпкеріміз – Шемонаиха ауданы Усталовка ауылының тумасы Мадина Қасымханова. Ол да мектепті үздік аяқтап, ЖОО-ға өз күшімен түскен жастар қатарында. Айтуынша, аталған жобаның арқасында ел игілігі үшін еңбек етуге мүмкіндік алған.

"Ресейдегі Павлунов атындағы Алтай мемлекеттік техникалық университетін бітіргенмін. Оқуды бітіре сала, үйіме, Шемонаихаға қайтып оралдым. Еліме қайта оралуымның себебі – туған өңірімнің игілігі үшін еңбек ету, көркейту, дамытуға үлес қосу", – дейді ол.

Туған ауылына қайта оралған бойжеткен бірінші кезекте жұмыс іздей бастапты. Кейіннен "Жастар практикасы" туралы естіп, оның мүмкіндіктерінен қалыс қалмауға шешкен.

"Қажетті құжаттарды жинап, бірден Шемонаихадағы "Мансап орталығына" өтініш бердім. Арада біршама уақыт өткен соң кезегім келіп, ШҚО "Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне" тағылымдамадан өту үшін жіберілдім", - дейді ол.

Мадина СЭБ департаментінде келісімшарт бойынша дәл жарты жыл істепті. Ары қарай өзін дамыту жолында іздене жүріп, мемлекеттік қызметке тест тапсырып, бос жұмыс орындарын қарай бастаған.

"Усталовка әкімдігінде бос орын барын естіген бойда байқауға қатысып, одан өттім. Осылайша сол ауылдың әкімі аппаратына тұрақты түрде жұмысқа алындым. Қазір мен ауыл инфрақұрылымы бөлімінің бас маманымын. Алғашқы жұмыс орнымды ауыстырғым келмейді. Міне, жуырда жұмысымның арқасында үйлі болып жатырмын", - дейді қуанышын жасыра алмаған Мадина. 

Айта кету керек, "Жастар практикасы" "2021 - 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба" білім беру ұйымдарының түлектерін жұмыспен қамту мақсатында қолға алынып отыр. 

Жобаға оқу бітіргеніне 5 жыл толмаған және 35 жастан аспаған, жұмысы жоқ қазақстандық жас мамандар қатыса алады. Жоба аясында оларға тұрғылықты жерін ескере отырып, бос жұмыс орындары ұсынылып, 12 айға дейінгі мерзімге ақылы тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беріледі. Бұл жастарға мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауға, ары қарай тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік бермек. 

Тағылымдама ақылы және жұмыс беруші ретінде еліміздегі кез келген кәсіпорын мен ұйымдар қатыса алады. Ал айлық жалақы 30 айлық есептік көрсеткіштен кем болмауға тиіс.

 "Жастар практикасы" жобасына қатысу үшін не істеу керек?

  1. Тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына; enbek.kz электрондық еңбек биржасына; eGov.kz электрондық үкімет порталына өтінім беруге болады.
  2. Өтінішпен қоса, бірқатар құжаттың көшірмесін қоса ұсыну қажет. 

Олар: 

  • жеке басын куәландыратын құжат;
  • еңбек кітапшасы (бар болса);
  • техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуын растайтын құжат.
Талқылау