"Бұл сондай аудан": Алматыда кәсіпкерден ақша бопсаламақ болғандар атыс шығарды
Алматыда кәсіпкерден алым-салық төлеуді талап еткен қарулы топ атыс шығарды. Салдарынан кәсіпкерді қорғамақ болған достары ауыр жарақат алған. Полиция күдіктілердің біреуін тұтқындаған, қазір тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Оқиға кәсіпкер жалға алып отырған дүкеннен басталған. Дүкенге келген рэкеттер кәсіпкерден ақша талап еткен.
"Келіп, қазір жаңа қожайын кім деп сұрады. Мен қожайын екенімді айттым. Олар "Бұрынғы иесі бізге өтемақы төлейтін. Сен де алым-салық төлеймісің?" деп сұрады. Мен төлемейтінімді айттым. "Бұл сондай аудан. Мұнда біз қылмыс әлемінің серкесіміз" деді. Ешқандай қоқан-лоқы болған жоқ. Бірден досыма қоңырау шалып, адамдардың келгенін айтып едім, ол "Өзім сөйлесемін" деді", – дейді кәсіпкер Андрей Рожков.
Мәселені шешу үшін Андрей Рожковтың досы өзінің жолдасын ертіп келген. Олардың не туралы сөйлескені туралы дүкен иесі білмейді. Алайда келіссөз нәтиже бермеген секілді. Ақша бопсалаушылар травматикалық тапаншадан оқ атқан. Кәсіпкерді қорғамақ болғандардың біріне оқ астыңғы жағына тиген. Қазір ол есін жиған, бірақ сөйлей алмайды. Екіншісінің маңдай сүйегі сынып, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліпті.
"Маңдай сүйегі сынған, мидың қатты қабаты зақымдалған, жедел ота жасалды. Отадан кейін жағдайы тұрақталды. Науқас жансақтау бөлімінде. Жағдайы тұрақталғандықтан, нейрохирургия бөліміне ауыстырылды. Тұрақты ауыр, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ", – деді Алматы қаласы орталық клиникалық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Алматов.
Оқ атқандардың бірі қолға түскен. Қазір ол тергеу изоляторында. Кінәсі дәлелденсе, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.