"Бұл пікірді қолдауға мүлде болмайды": Қабылбек ұстаздың "шеше" ұғымына қатысты сөзі қоғамда талқыға түсті
Әлеуметтік желіде Қабылбек Әліпбайұлының "ана" мен "шеше" сөздеріне қатысты ойы қызу талқыға түсті. Имамның сөзінше, баласын тастап кеткен әйелді "шеше" деп атаған. Ал "ана" білген-көргенін балаға арнайды дейді. Осы тұста Stan.kz тілшісі этнограф және филолог мамандардың бұл мәселеге қатысты пікірін біліп көрді.
Фото: ҚМДБ сайтынан
Қабылбек Әліпбайұлының видеосы қазір желіде қызу талқыланып жатыр. Сондай-ақ имам балаға еңбегі сіңбеген әйелді "шеше" дейтінін мәлімдеді.
"Ана бар, шеше бар. "Ана деген кім?" десе балаларына бүкіл болмысын, көрген-түйгенін, бәрін балаға арнайды. Шеше деген балаларын тастап кеткен әйел кісі, балаларына еңбегі сіңбеген. Айрылысу керек болса, айрылысып кете салған. Әрі "Анаңның бәленшесі" деген боқауыз сөз жоқ, "шешеңнің бәленшесі" деген боқауыз бар. "Шеше деген кім?" десе, балаға еңбегі сіңбеген әйел екен. Памперсін де ауыстырмаған, біреуді жалдап қояды. Сондықтан әйелдің миссиясы шеше болу емес, ана болу. Ана баласы үшін барлық нәрсеге дайын болу керек", - дейді Қабылбек ұстаз.
Имамның сөзіне қатысты пікір білдірген этнограф, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Картаева "шеше" мен "ана" көне түркі сөздері екенін айтады.
(Ертегі, аңыздарда, лироэ-постық жырларда "ана" сөзінен көрі "шеше" сөзі көп қолданылады. Қазақ ертегілерінде жасы үлкен әйелден жол сұраса, "Е, шеше", "Шеше-ау" деп өзіне қаратып барып сұрайды, сондай-ақ жасы үлкен әйелмен кезіксе, "Шеше-ау, қайдан келесіз" деп сұрайды. "Сыңсу", "жоқтау" сияқты отбасылық фольклорда негізінен "шеше" сөзі қолданылады, "шешекем" деп жылаған. Мұхтар Әуезов "Абай жолы" романында "Абайдың анасы" демейді, "Абайдың шешесі" дейді", – деп жауап берді этнограф.
Тәттігүл Картаеваның айтуынша, шешемен байланысты боқтық сөз "шеше" ұғымының анықтамасына жауап бермейді. Тіпті "ана" және "әкеге" қатысты да боқтық сөздер бар дейді.
"Шеше" ұғымына ойдан анықтама ойлап тауып, қоғамға таңудың қажеті жоқ. Тереңге үңілмейтін, фольклорлық мұраларымызды оқымай, имамның сөзіне иланатын белгілі бір қоғам мүшелері барына көзіміз жетіп жүр. Имам ілім, білім беретін діни тұлға болуы керек! Келте сөйлейтін, қазақы ұғымның байыбына бара алмайтын имам, мен үшін имам не ұстаз емес! Имамдарға, "діни ұстаздарға" қазақы ұғымға анықтама айтпас бұрын "Ұлттық энциклопедия" (10 томдық), "Әдеби сөздік" (15 томдық), "Этнографиялық энциклопедия" (5 томдық) академиялық басылымдарын (анықтамалық) оқуға кеңес беремін", – деп түйіндеді маман.
Ал филолог Анар Салқынбай Stan.kz тілшісінің сауалына жауап беріп, "шеше" сөзінің шығу төркінін айтып берді.
"Шеше сөзінің көне сөз екені рас. Бізде "тәте" деген ұғым бар, одан кейін "дада" болып өзгерді. Көне тілде "ты, шы" деген тіркеске айналған. Ал дыбыс тіркесі уақыт өте жіктеледі, мұны ғылымда "дифференциация" процесі дейді. Оның бірі "тә те" сипатына, екінші түрі "ше ше" сипатында сақталған. Бірақ қазір "шеше" сөзін баласын тастап кеткен ана деген мағынада жұмсау – үлкен қателік. Себебі шеше деген сөз ауызекі сөйлеуде де, әдеби тілде де жиі қолданылады. Сондықтан оның мағынасын бұра тарту дұрыс емес", – дейді Анар Салқынбай.
Филолог қоғамда мұндай пікірлердің жиі айтылуы көне түркі атауларынан бірте-бірте бас тартуға алып келуі мүмкін екенін жеткізді.
"Осы себепті бұл пікірді қолдауға мүлде болмайды. Өзге түркі тілдерімен салыстырғанда қазақ тілі ең көне түркі тілдерін сақтаған, мұны белгілі ғалымдар да мойындап отыр. Бізде мыңға жуық қана ең көне түбірлер бар. Солардың бірі – "шеше" сөзі. Оның әртүрлі мағынасы бар. Кейінгі кезде "ана" ұяң дыбыс болғандықтан, естігенде жағымды. Ал "шеше" сөзінде қатаң дыбыстар көп. Бірақ ол "баланың туған анасы" дегенді білдіреді. Қазақта бір мағына беретін сөздер көп, олардың бірін жақсы, екіншісін жаман деп, қалай болса солай бұруға болмайды", - деді филолог.
Анар Салқынбай әр азамат сөзді киелі деп бағалап, күресу керегін мәлімдеді.