Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл – немқұрайлылық": Министрлік саунадағы балалар лагеріне қатысты мәлімдеме жасады

Оқу-ағарту министірлігі сауна аумағында орналасқан атышулы балалар лагеріне қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова кез келген лагерь іске қосу алдында санитарлық-эпидемиологиялық орталықтың қорытындысын алуы, қауіпсіздік ережелерін сақтауы, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауы, ас мәзірін бекіту керек екенін және бұл дайындықтың бір бөлігі ғана екенін атап өтті.

Сондай-ақ, балаларды лагерьге шығарар алдында қалалық білім басқармасы сол жерге барып, оның барлық талаптарға сәйкестігін тексеруі керек.

"Алайда, Алматы қалалық білім басқармасы мұндай тесеріс жүргізбеген. Бұл – немқұрайлылық. Мемлекеттік сатып алудың қорытындысы бойынша, барлығы талапқа сай болып шығыпты, компания тендерді шынымен ұтып алған. Сонымен қатар, санитарлық-эпидемиологиялық станциясы "БелРичи" ЖШС-не рұқсат берген. Компания балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіре отырып, жалған құжаттар арқылы тендерді ұтып алған", – деді Насымжан Оспанова.

Атышулы оқиғадан кейін ішкі тексеріс басталып, компания басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, комитет Алматы әкімдігіне қалалық білім басқармасының қызметкерлеріне қатысты барынша қатаң шара қолдану туралы хат жолдаған.

"Олар бізді алдады, құжатта "Арман дала" лагері деп жазылыпты. Бұл ауданда дәл осындай атаумен жақсы лагерь бар екенін бәріміз білеміз, бұл білім басқармасы қызметкерлерінің қателігі. Біз қатемізді мойындаймыз. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде, қызметкерлерге шара қолданылады", – деді Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Еске салсақ, бұған дейін алматылық оқушылардың демалуға жазғы лагерьге емес, саунаға жіберілгені туралы жазған болатынбыз. 

Талқылау