Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл мәселе жабық": Әділет министрі "Стати" ісінде салық төлеушілердің қалтасынан қанша сома жұмсалғанын нақты айта алмады

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев үкімет отырысының брифингінде "Стати ісі" бойынша пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл іс екі жақтың ортақ келісіміне сәйкес жабық түрде қалып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: internetelite.org

Брифингте Ерлан Сәрсембаевтан қазақстандықтар бұл істі 10 жылдан аса бақылап келе жатқаны және салық төлейтіндердің қалтасынан қанша теңге жұмсалғаны сұралды. Журналистер ведомство басшысының “толық ақпаратты Молдовадан білу керек” деген жауабына көңілдері толмады. 

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов жымқырылған соманың 80 мың доллар "қатырып" қойғанын айтқан еді.

"Біріншіден сұрағыңызды келесі біреуге жүктеп немесе елемей жатқан жоқпыз. Қазір екі жақтың бірлескен шешіміне сәйкес, бұл іс жабық болып тұр. Істі бір жақты айтып беруге, екінші тараптың келісімінсіз жайып салуға болмайды. Бұл екі жақты келісімнің бұзылуына әкеп соғады. Нақты айтып отырғаным – осы. Қатырылған қаражат елге түседі, солай ма? Бұл жерде ешқандай сұрақ жоқ. Бұл қаражат сол күйінде қалады. Жауап айқын және қарапайым. Бұрынғы министрдің қайда болғаны, ол осында ма әлде басқа жерде ме, бұл істің мәнін өзгертпейді. Бүгінде бұл мәселе жабық. Республикалық бюджеттен қосымша қаржы тартылмай шешілді", – деп жауап берді әділет министрі. 

Сонымен қатар бұл істе шетелден білікті заңгерлер қарастырылғаны айтылған. 

"2024 жылы Әділет министрлігі республикалық бюджеттен мұндай істерді зерттеуге және шетелден мамандарды жалдауға 7 миллиардқа жуық теңге бөлінген. Республикалық бюджетте бұл сома ашық көрсетілген. Ешқандай құпиялық жоқ. Ал ұсталған немесе күдікті азаматтарға қатысты істердің көбі жабық болғандықтан, оны ашып айта алмаймын", – деді Ерлан Сәрсембаев.



Еске салайық, "Стати ісі" – Қазақстан мен молдовалық кәсіпкерлер Анатол және Габриэль Стати арасындағы ұзаққа созылған құқықтық дау. Бұл дау 2010 жылы Статилердің Қазақстан үкіметіне қарсы инвестицияларын заңсыз тартып алды деген айыптауымен басталған. 2013 жылы Стокгольм арбитраждық соты Қазақстанды Статилерге 500 миллион доллар өтемақы төлеуге міндеттеген шешім шығарды. 

2024 жылдың желтоқсанында Қазақстан үкіметі, Ұлттық банк және Стати тараптары ұзаққа созылған дауды реттеу туралы келісімге қол жеткізді. Бұл келісім барлық құқықтық дауды тоқтатуды және болашақта оларды қайта бастау мүмкіндігін жоққа шығаруды қарастырады.

Талқылау