"Бұл – кек алу емес, әділдік": Карина Мамаш экс-дипломат соңғы сәтке дейін кінәсін мойындамағанын айтты
Фото: Stan.kz
18 шілдеде Астанада экс-дипломат Сәкен Мамашқа сот үкімі шықты. Сот шешімі шыққан соң жәбірленуші Карина Мамаш пен айыпталушы тарап БАҚ өкілдеріне пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұрынғы әйелі Сәкен Мамашты 10 жылдан бері зәбір көрсетіп келді деп айыптаған еді. Сот үкімі оқылғаннан кейін Карина Мамаш айыпталушы соңғы сәтке дейін кінәсін мойындамағанын айтты.
"Айту өте қиын. Ол соңғы сәтке дейін кінәсін мойындамады. Ол процесс барысында және осы жылдар аралығында манипуляция жасап, қысым көрсетті. Бұл – кек алу емес, әділдік. Ол енді түсінеді деп үміттенемін. Мен ескерткенімде (сотқа беретінін – ред.) күлетін", – деп мәлімдеді ол.
Оның айтуынша, экс-күйеуі балаларына ештеңе қалдырмаған.
"Ол мені былай қойғанда, туған балаларын баспанасыз қалдырды. Алимент төлемейді. Үнсіздігімді үш пәтермен сатып алмақ болды. Бірақ мен оған "жоқ" дедім. Алайда мен далада қалған жоқпын, өзім жұмыс істеп, балаларды өзім бағып отырмын. Мен оған үнемі балалардың алдында бұл жағдайдан абыроймен шығуға болатынын айтатынмын, бірақ ол өзін ғана ойлады. 47 жастағы адамға ақыл кірмесе, мен ол үшін жауап бермеймін", – деді Карина Мамаш.
Карина Мамаш БАҚ өкілдеріне сұхбат беру кезінде көзіне жас алып, осы уақытқа дейін қолдау білдірген барша жанға алғысын білдірді.
"Қорғаушыларыма, қыздарға, маған хабарласқан әрбір жанға, БАҚ өкілдеріне алғыс айтамын. Барлығын көріп, барлығын оқып отырамын.
Қыздар махаббат бар жерде ұрыс-керіске орын жоқ екенін білсе екен деймін. Елімізде дағдарыс орталықтары, бар ынтасымен жұмыс істеп жүрген адамдар барда, барлық жағдайдың шешімі табылады. Әділдік әрқашан жеңеді", – деп түйіндеді сөзін Карина Мамаш.
Бұл ретте Карина Мамаштың адвокаты Бибінұр Мұратова сот үкіміне қанағаттанғанын атап өтті.
"Ақтау емес, айыптау үкімі шыққанына, әрине, көңіліміз толды. Жаза мерзіміне келетін болсақ, біз жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұраған едік. Жаза мерзіміне қатысты шағымдану жөнінде жәбірленушімен кеңесіп үлгерген жоқпыз", – деді Бибінұр Мұратова.
Соттан кейін Сәкен Мамаштың ағасы Нұржан Мамаш та журналистердің сот шешіміне қатысты сұрағына жауап берді. Айыпталушы тарап 6 жыл кескен сот үкіміне шағымдануға ниетті.
"Сот шешіміне келіспеймін. Біржақты қарады. Олардың видеолары бар деді. Видеоларды сараптамаға жібергенбіз. "Видеоның дереккөзі анықталған жоқ" деген қорытынды берді. Резонанстан аяқ тартып, ініме осынша жыл бергеніне келіспеймін", – дейді Нұржан Мамаш.
Еске салсақ, бүгін Астанада БАӘ-дегі Қазақстан елшілігінің бұрынғы кеңесшісі Сәкен Мамашқа қатысты сот үкімі шықты. Экс-дипломат Қылмыстық кодекстің қинау бабы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сараптамалық қорытындылармен, бейнежазбалармен, скриншоттармен және өзге де істің материалдарымен дәлелденген.

"Қазақ екеніме сенбейді": Ақтаулық жігіт желіде ерекше келбетімен көзге түсті
