Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл адамды жек көргенім соншалық, оны сондай жексұрын қылып көрсеттім": Маньяктың рөлін сомдаған актер "5:32" телехикаясының түсірілімі жайлы айтты

Көпшілікке “5:32” телехикаясында қанішер рөлімен танымал болған Аслан Жанұзақов Stan.kz тілшісіне сұхбат берді. Нұр-Сұлтандағы Жастар театрының актері жеке өмірі мен көрермендердің ықыласына бөленген туындыдағы ерекше образы жайлы айтты. 

Аслан Жанұзақов, жеке мұрағаттан 

– Аслан, өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып өтсеңіз. Өнер жолына қалай келдіңіз? 

– Ақтөбе қаласында өмірге келдім. Мектептен кейін Есет батыр атындағы әскери полиция мектебін бітіргенмін. Бірінші арманым әскери адам болғым келді. Мектеп кезінен де ән айттым. Әскери мектепті бітіргеннен кейін үш жігіт топ құрдық. Өзіміздегі эстрада жұлдыздарымен де ән айтқанмын. Олардың қазір естеріңде жоқ шығар. Т. Жүргенов атындағы академиясына түспес бұрын үш жылдай тойда жүрдім. Жеке фотограф та болып жұмыс істедім. Әкемнің "ән айтасың ғой, жеке білім керек" деген кеңесімен академияға түстім. Нұрғанат Жақыпбай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сол кісінің шеберханасында төрт жыл тәлім алдық. Үшінші курсымызда астанамызға Жастар театры практикаға шақырды. Сол кезден бастап бізді жұмысқа алды. 

– Аслан, “5:32” телехикаясындағы кейіпкеріңіз жайлы айтып берсеңіз. Бұл рөлге қалай келдіңіз?   

– Маньяк образын алғаш рет “5:32” телехикаясында сомдадым. Бұл рөлге әдеттегідей кастинг арқылы қабылдандым. Өздері хабарласып осындай жобаның болатындығын айтты. Өмірде болған оқиғалардың желісінде екен. Өздері мені маньяк рөліне көрсек деді. Алдын ала сценарийді жіберуін сұрадым. Онда кейіпкердің анасын балағаттап, ұрып-соғып, ең ақыры өлтіруге дейін баратын білдім. Шешім қабылдау өте қиынға соқты. Ертең үйдегілер көрсе, оларға ауыр болады ғой деп ойладым. Ел-жұрттың да көзқарасы өзгереді. Бұған дейін бірінші бөліміндегі таксист маньяктардың кастингіне қатыстым. Оған өтпедім. Бұған да өтпей қалатын шығармын деген ой болған. Сөйтіп видеомен мәтінді оқып жібере салдым. Көп уақыт өтпей маған хабарласып, кастингтен өткенімді айтты. Осындай уақыт аралығында келсеңіз деп шақырды. Мәссаған! Видеоны жіберіп алып, енді қандай білмей қалдым. Жалпы өтпеймін деп ойлаған адаммын ғой. Хабарласқаннан кейін тағы ойланытынымды айттым. “Бұл –  енді менің мамандығым ғой, осындайда келіспесем, мұны не үшін оқыдым" деп өзіме қайта сұрақ қойдым. Тәуекел деп, бағымды сынап көруге бел будым. Ауыр болса да, бұл менің жұмысым деп мойныма алдым. Қайтадан хабарласып, келсімімді бердім. Пойызда жол-жөнекей маньякты ойша сомдап, мәтінді жаттап бардым. Себебі түсірілімге екі күн қалғанда келісім берген екенмін. Уақыт өте тығыз болды. Барғаннан кейін менің анамды ойнайтын кісіні сұрадым. Түсірілімге ол кісі де келді. Амандасып, апамды құшақтап "сіз ренжімеңіз, бұл біздің мамандығымыз, сценариймен таныссыз ғой, не айтсам да өзіңізге қабылдмаңыз, бізге режиссер үлкен үміт артуда, жұмысымызды жақсылап атқарайық" дедім. Сөйтіп ол кісіден алдын ала кешірім сұрағанмын. Ары қарай түсірілім басталды. Бұған тек жұмыс деп қарадық. Өмірдегі осы образға арқау болған адамға қатты ашуландым. Жек көргенім соншалық, оны сондай жексұрын қылып көрсетуге тырыстым. 

Аслан Жанұзақов, жеке мұрағаттан 

– Сіз сомдаған кейіпкердің көрермендер білмей қалған тұстары бар ма? 

 Мен түсірілім барысында қолымды кесіп алдым. Содан кейін маған ойнау ауыр болды. Қолымды дәкемен байлап ары қарай түсірілімді жалғастырдық. Бірақ бір-екі сахнаны алып тастадық. Сценарийдегі болу керек кадрлар ғой. Менің жарақатыма байланысты алынған еді. Төлеген анасының басына шөлмек жарып сындыратын ауыр сахна болды. Ортақ мәмілеге келіп, одан бас тарттық. Басқа эпизодтарының өзі ауыр. Өмірде бұдан да ауыр болған шығар. Ол жағын енді біз білмейміз. 

 Түсірілім жұмыстары қай жерде және қай уақытта өтті?

– Түсірілім жұмыстары Жамбыл облысындағы Қаратау мен Жаңатас қалаларында өтті. Қателеспесем, Майтөбе деген жерде де өткен. Өйткені локациялар өзгереді ғой.  Қаратау қаласы телехикая режиссері Әлішер Утевтың туған жері екен. Табиғаты бәрі ерекше, көп адамдар біле бермейтін мекен. 

– Түсірілім барысында басқа қандай қызықты оқиғалар болды?

– Мұндай оқиғалар көп болды. Өзім түсірілім кезінде талып қалдым. Қанды көрсем, есімнен таңады екенмін. Қолымды кесіп алғаннан кейін сол жеріме жуан шеге кіріп кетті. Сол сәтте “нашатыр спиртін дайындап қой, талып қалуым мүмкін деп” бір қызға айттып қойдым. Ол кезде қаннан деп ойламадым. Қатты шаршағаннан болуы керек деп ойладым. Әлішер Утевтан кешірім сұрап, не болғанын түсінбей абдырап қалғанмын. Продюсердың адамгершілік танытып, "жоқ, асықпа, қолыңды тігу керек" деп, мені ауруханаға жіберді. Қолымды тіктіріп қайтадан келіп, түсірілімді ары қарай жалғастырдық. Мұндайым бар екенін өзім де білмеппін. Бәлкім, фобия шығар. “Маньяктың өзі қанды көрсе талып қалады екен” деп барлығымыз әбден күліп алдық. Ертең ел көрсе күледі ғой дейміз. 

Аслан Жанұзақов түсірілім тобымен бірге

– Бұл рөліңізге қалай дайындалдыңыз? Маньяктың образына ену үшін басқа туындыларды қарадыңыз ба? 

– Шынымды айтсам, ешқандай образды басқа фильмдерден іздемедім. Ешкімнен де ұрлаған жоқпын десем де болады. Өмірде болған адамды қаншалықты жек көрдім, соншалықты іс-әрекетін жаман көрсетуге тырыстым. Бір айта кетерлігі, басқа маньяктарға ұқсамау үшін олардың қандай да бір ерекшелігін  айтуды сұрадым. Өзімнің кейіпкерім – Төлеген өмірде ауру болған екен. Ешқандай да аяушылық сезімі жоқ, іші тозған, ой-санасын жоғалтқан адам ғой. Анаға деген сезімі өлген. Дені дұрыс адам олай жасамайды. Меніңше ішіне жын кірген де болуы мүмкін. Бұл образыма барынша тырысып бақтым. Шошқаның күлкісін де салып, көзінің ағарып кеткенін де көрсеттім. Кейіпкердің жауыздығын көрсету үшін хайуандардың қылықтарын келтірдім.

Мұндай адам жайлы бұрын-соңды естіген емеспін.  Басқа әртістерді түсірген уақытта, соның образын қасықтап жинадым. Бір сәтте көз, жақ, күлкісі мен жүйкесінің ауруы, сөйлеуін сомдау оңайға соқпады. Алғашқы күндері қабылдай алмай да жүрдім. Ақыр-аяғы рөлді бағындырдым деп ойлаймын. Барлық қимылдары менікі сияқты болып кетті. Түсірілім аяқталғаннан кейін де кейіпкердің дағдылары менің өз әдетіме айналып кеткендей болды. Ол әрбір әртісте кездесетін қалыпты дүние.  Кейде күлкісі есіме түсіп кетеді. 

Бұл образым режиссер мен көрерменнің көңілінен шықты деп ойлаймын. Әсіресе, өнердегі қауым әртістік шеберлігіме ерекше баға берді. Оларға үлкен алғысымды білдіремін. Шыны керек, көрермендердің арасында кейіпкерді менімен шатастырып жатады. Тіпті, әлі күнге дейін жағымсыз пікірлер жазатындар бар. Олар өнерді түсінбейтін адамдар деп есептеймін. Оларға да ауыр сөз айтқым келмейді. Бәрі бірдей емес. 

Аслан Жанұзақов “5:32 телехикаясының режиссері Әлішер Утевпен бірге, жеке мұрағат

 “5:32” атауының құпиясы неде?

– Оның бірнеше мағынасы бар. Бірінші мағынасы Құран кітаптағы 5 аят, (Әл-Мәида сүресі) 32 сүре. Өлім туралы айтылған. Егер де бір адам бір адамды өлтірсе, күллі адамзатты өлтіргенмен тең дейді. Бұл жерге терең үңілсек үлкен философия жатыр. Режиссердің басқа да шешімі бар. Ол енді тікелей уақытқа байланысты. Ол жағын айтып қойсам, спойлер болып кетеді. Өйткені ол сахналар әлі де көрсетілген жоқ. 

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК

STAN.KZ
Сәрсенбі, 09 Ақпан, 2022 16:30
Талқылау