"Бұл – адам саудасы, оңай емес": Роза Әлқожа су жаңа келініне өсиет айтты
Қазақ эстрадасының белді өкілі, эстрада жұлдызы Роза Әлқожа келін түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
40 жасында ене атанған әншінің қуанышында шек жоқ.
“Талай тойда, жақсылықта жүрген соң адамда тәжірибе көбейіп, ой түйеді екен. Баяғыда бауырыма қыз айттырып барғанда марқұм құдағи: “шырағым, бұл адам саудасы, оңай емес” деген. Сол сөз есіме түсе береді. Төрт келін түсіріп, ұзатып алып келіппін. Енді өзіме келін алатын кезде қай жағынан болса да жолдан жығылмай, кемшілік жібермей барсақ дедім. Оған бір-екі әулет емес, бар қазақ атсалысып жатыр. Әрқайсысы атағанын беріп, қасымнан табылып, Қазақияның әр бұрышында қоржын тігіліп, мал сойылып, бірге қуанып жатыр. Аллаға сансыз шүкір, бар жанашырыма рахмет айтқым келеді! Сіздердің арқаларыңызда жоғым табылып, кемім бүтінделді”, – алғы сөзден бастады әнші.
Сондай-ақ әнші су жаңа келініне өсиет-арнау айтып, жылап қалды.
“Келініме арнап “Келінге өсиет” деген әнімді құрбыларыма орындап беріп едім. “Қыз ұзатуда” айтып бер деп қолқа салды. Сонымен ұзату тойында тұсауы кесілді. “Жан ботам, жыламағын” деп өзім жылай жаздап әрең тұрмын!. Бәлкім, осы күнге көп қиындықпен жеткендіктен болар?!.
Осы той болады деген күннен бастап уайым, қорқыныш, қуаныш бәрі араласып, күн сайын өлең төгіле берді. Концертке дайындық, жаңа әндерді жаздыру, киіт алу, алтын қарау деген жұмыстармен бірге түскен жолдарды жазып та үлгердім. Сөз сөйлегеннен гөрі, әнмен жеткізген оңай екен”, – дейді әнші.
Айта кетейік, әншінің 19 жасында ана атанып, 40 жасында ене атанғанын жазған болатынбыз.