Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұдан былай Шұбаркөл көмір разрезінде көмір саудаланбайды": Қарағанды облысында көмір сату нүктелері анықталды

Қарағандыда биыл көмір тапшылығы болмайды. Сұранысты толық жабатын мүмкіндік баршылық. Оған қоса, бұдан былай "Шұбаркөл көмір" АҚ-ы жекелеп сатып алушыларға көмір саудаламайды. Компания тарапынан бұған тыйым салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қарағанды облысында көмір сатып алу жүйесі өзгерді. Бұдан былай халық "Шұбаркөлдің" көмірін алу үшін жылдағыдай тәуліктеп кезек күтпейді. Жан-жақтан келетін алыпсатардың да жолы кесілді. Бұл көмір тапшылығы мен ел ішіндегі жылда туындайтын дүрбелеңді жояды.  

"Биыл көмір тапшылығын болдырмау және жүк машиналарының жүргізушілері арасындағы жанжалды жағдайлардың алдын алу үшін "Шұбаркөл Көмір" АҚ разрез аумағындағы алып кету пунктін жауып тастады. Көмірді өз бетінше алып кетуге тыйым салынғанын айтқымыз келеді. Осылайша біз қатты отынның тапшылығын жоямыз. Бұл ретте разрезден 100 км радиустағы барлық елді мекендер көмірмен қамтамасыз етіледі",- деп мәлімдеді Қарағанды облысының өнеркәсіп, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр. 

Аймақтағы құзырлы орындардың хабарлауынша, Қарағанды облысына көмір 1 шахта 8 разрезден келеді. Сұраныс – 1 миллион 100 мың тонна. Көмірді негізгі жеткізуші – "Шұбаркөл көмір" АҚ, "Жалын" разрездері. Сондай-ақ облыста көмір саудалайтын  52 пункт жұмыс істеп тұр. Оның 20-сы Қарағандыда. Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр журналистермен бірге көмір сату орындарын аралады. 

"Қазіргі таңда көмірдің көлемі жеткілікті. 30 мың тоннадан астам жанармай жөнелтілді. Ай сайынғы келіп отыратын көлем жоспар бойынша  жеткізіліп жатыр. Оскаров, Жарық станцияларында қосымша екі көмір сататын сату пунктері ашылды. Баға жайлы айтар болсақ, үстеме нарық болғандықтан, орташа республикалық баға алынды. Қарағанды облысында тоннасына 13 400 теңгені құрайды. Бұл республикадағы ең төменгі баға. Облыс тұрғындарына дүрбелең басталмай тұрып, күзде кезекте тұрмас үшін көмірді қазірден жинақтауға кеңес береміз. Мәселен қазір  мүлдем кезек жоқ, тәулігіне әрі кетсе 2–3 КамАЗ тоқтайды", – деді басқарма басшысы Дарын Бұлқайыр. 

Қарағандыдағы ХМК аумағындағы жеткізу тұйығына көмір тиелген вагондар үздіксіз жеткізіліп жатыр. Оның директоры тұрғындар көмір сатып алуды ұзын-сонар кезек басталатын маусымға жеткізбей, қазірден қамданса деген ұсынысын айтты. 

“Қоймаға 40 мың тонна көмір құюды жоспарлап отырмыз. Вагондар келе береді. Бүгінде 20-дан астам вагон болды. Алғашқы қарды күтудің қажеті жоқ, көмірді алдын ала сатып алыңыз. Құны 13 450 теңге. Біз таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейміз. Бізде түскі ас жоқ, барлығы тұрғындарға ыңғайлы болу үшін”, – дейді Владимир Крылов.

Ал Пришахтинск ықшам ауданындағы тұйықтардың бірінде 12 мыңға тоннаға жуық көмір бар. Тұтынушылар көмірді алдын ала сатып алуға асықпайтынын "Армандар Орындалады" ЖШС директоры Михаил Боровиков те растады. Көбісі тек күн суытқанда бірақ қамданады дейді сатып алу бекетінің басшысы.

“Бізде халық арасында сұранысқа ие – Шұбаркөл көмірі бар. Бағасы–13 400 теңге. Қолма-қол ақшаға және қолма-қол ақшасыз төлеммен қабылдаймыз, "Халық банкі" арқылы несие беру де бар. Әрине, алдын-ала сатып алатындар бар, бірақ олардың саны аз. Халық әдеттегідей қыркүйек-қазан айларында жаппай сатып ала бастайды.  Күн суытып, алғашқы аязды күндері дүрбелең болады”,–деп атап өтті Михаил Боровиков.

Сатып алушылар көмірдің сапасына көңіл толмайтындай жағдай болса,  тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне өз шағымын жолдай алады. Сондай-ақ, барлық ақпаратты жедел желі арқылы алуға болады. Қарағанды қаласы бойынша жедел желі: 42-15-05.

STAN.KZ
Сейсенбі, 25 Шілде, 2023 20:00
Талқылау